Серіктестіктің 2025 жылғы қызмет қорытындысы мен алдағы міндеттерге арналған алқа мәжілісінде серіктестіктің комплаенс-офицері Шайхназаров Бақытжан Әбдіманапұлы журналистерге арналған түсіндірме жұмысын жүргізді.
Жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталған комплаенс-офицер сыбайлас жемқорлық деректерін жария ету арқылы БАҚ ашықтық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар мұндай күрделі тақырыпта жұмыс істеу журналистен тек батылдықты ғана емес, жоғары деңгейдегі құқықтық сауаттылықты талап ететінін жеткізді.

Осы ретте журналистер ең алдымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң нормаларын жетік меңгеруі қажет. Аталған заңда сыбайлас жемқорлық ұғымы, құқық бұзушылық субъектілері, мүдделер қақтығысы, пара беру мен пара алу мәселелері нақты айқындалған. Заң талаптарын дұрыс түсінбеу негізсіз айыптауларға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ сот үкімі заңды күшіне енбей тұрып, тұлғаны «қылмыскер» деп атау заң бұзушылық болып табылады. Бұл – журналистің кәсіби жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетінің маңызды көрсеткіші.
Кездесу барысында журналистер қызметінде кездесуі мүмкін негізгі тәуекелдер де аталып өтті:
• Бопсалау – материал жарияламау немесе жағымсыз ақпаратты жасыру үшін қандай да бір пайда талап ету;
• Жала жабу – дәлелсіз түрде тұлғаны «жемқор» деп айыптау;
• Жалған ақпарат тарату – тексерілмеген мәліметтерді жариялау, манипуляция жасау;
• Артықшылық көрсету – жеке мүдде үшін белгілі бір тұлғаның жағымды бейнесін қалыптастыру.
Аталған әрекеттер қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Әсіресе, ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру заң алдында жауап беруге негіз болады.
Комплаенс-офицер өз сөзінде бұл талаптардың қорқыту мақсатында емес, керісінше, заң бұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндіріліп отырғанын атап өтті. Себебі заң талаптарын білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Жиын соңында журналистерге қоғам сенімі – олардың ең басты капиталы екені еске салынды. Ал сенімді сақтау заңдылықты құрметтеуден басталатыны сөзсіз.

