Сыбайлас жемқорлық – қоғам болып күрес жүргізуді, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің іс жүзінде де, сөз жүзінде де шынайы белсенділігін талап етеді. Бұл туралы «Сыр медиа» ЖШС Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс офицері және әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақытжан Шайхназаров айтты.
«Сыр медиа» серіктестігінің алты айдың қорытындысына арналған облыстық алқа мәжілісінде авторлық құқық және сыбайлас жемқорлық тақырыбында кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңында жазылғандай, сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шараларды қарастыру арқылы жүргізіледі», – деді серіктестіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс офицері және әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақытжан Шайхназаров.
