Жұма, 30 қаңтар, 02:39

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сот кабинеті: электронды сот жүйесін қалай тиімді пайдаланамыз?

29.01.2026

22

0

sot
Фото: ашық дереккөзден

Қазіргі таңда Қазақстанда сотқа жүгіну бұрынғыдай ұзын-сонар кезек пен қағазбастылықты талап етпейді. «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы азаматтар үйден шықпай-ақ сотқа арыз беріп, істің қозғалысын бақылап, сот құжаттарын ала алады. Бұл жүйе уақытты үнемдеп, сот қызметін халыққа барынша қолжетімді етуге бағытталған.

Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, көптеген азаматтар бұл платформаны пайдалану кезінде түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Осы мақалада «Сот кабинетінің» негізгі мүмкіндіктері мен оны тиімді қолдану жолдары туралы айтып өткім келеді.

«Сот кабинеті» деген не? «Сот кабинеті» — Қазақстан Республикасының сот органдары ұсынған онлайн платформа. Бұл сервис арқылы сотқа талап арыз, өтініш, шағым жолдауға, сот отырысының уақытын білуге, істің қаралу барысын бақылауға, сот актілері мен хабарламаларды жүктеп алуға болады.

Жүйе тәулік бойы жұмыс істейді және барлық азаматтарға тегін қолжетімді. Қалай тіркелуге болады? «Сот кабинетіне» кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.Тіркелу тәртібі: office.sud.kz сайтына кіру. «Кіру» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы авторизациядан өту. Жеке деректерді тексеріп, жеке кабинет ашу. Тіркелгеннен кейін сіз жүйенің барлық қызметін пайдалана аласыз. Арыз беру тәртібі. Арыз немесе өтініш беру үшін, «Өтініш беру» бөлімін таңдайсыз, істің түрін белгілейсіз (азаматтық, әкімшілік және т.б.), дайын үлгіні толтырасыз, қажетті құжаттарды тіркейсіз, соңында ЭЦҚ арқылы қол қоясыз.

Жіберілген құжат тіркелген соң, оның мәртебесін жеке кабинеттен бақылауға болады. Жиі кездесетін қиындықтар. Кейбір азаматтар мынадай мәселелерге тап болады: ЭЦҚ жүйеге кірмей қалуы, файл форматы талапқа сай болмауы, арыздың кері қайтарылуы, сайттың уақытша ашылмай қалуы.

Мұндай жағдайда ЭЦҚ-ны жаңартып, техникалық қолдау қызметіне жүгінген дұрыс. «Сот кабинетінің» артықшылықтары. Бұл жүйенің негізгі артықшылықтары: уақыт үнемделеді, қағазбастылық азаяды, кез келген жерден қолжетімді, істі онлайн бақылау мүмкіндігі бар. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен жеңілдік.

 «Сот кабинеті» — сот жүйесін цифрландырудағы маңызды қадам. Бұл сервис азаматтардың құқықтарын қорғауды жеңілдетіп, сот қызметінің ашықтығын арттырады. Алдағы уақытта жүйе одан әрі жетілдіріліп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара береді деп сенеміз.

А.Муратова,

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы,

сот отырысының хатшысы

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика