Сенбі, 27 сәуiр, 13:19

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Журналистика: Жаңа буын және алдағы мүдде

07.02.2024

247

0

Журналистика: Жаңа буын және алдағы мүдде

«Болашақ» университеті және «Сыр медиа» ЖШС басшылығының ұйымдастыруымен «Қазақ журналистикасының өзекті мәселелері» тақырыбында жиын өтті. Басқосуға өңірге белгілі журналистер, сала ардагерлері, республикалық газеттердің меншікті тілшілері мен журналистика мамандығында оқитын студенттер қатысты. Іс-шарада «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, академик Бақберген Досмамбетов тілектестік білдірді.

Әуелі Сыр журналистикасында жүрген аға буын өкілдері саладағы маңызды мән-жайларды шолып, мәселелермен қатар артықшылықтарға тоқталды. Сонымен қатар университет студенттеріне журналистиканың болашағы жөнінде әңгімеледі. «Сыр медиа» ЖШС директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев кейінгі кезде журналистерге көрсетіліп жатқан игіліктерді атап өтті. Мәселен, шығармашылық өкілдерін қолдау мақсатында сараптамалық бағыттағы материалдарға қосымша жүлде беріліп жатқанын жеткізді. Бұдан кейін «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетінің редакторы Нұрлан Көбегенұлы жас мамандардың легі артып жатқанын сөз етті.

– Жалпы «Болашақ» университетінде журналистика мамандығы 2012 жылы ашылды. Содан бері 200-ден астам маман тәрбиеленіп шықты. Олардың алды қазір еліміздің беделді ақпарат құралдарында қызмет етеді. Бұл қатардағылар одан әрі толыға беретініне сенім мол. Осыған қарап, салада жетістіктердің мол екенін аңғаруға болады, – деді ол.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс, жарнама мен жазылым арқылы қаражат табады. Алайда БАҚ өкілдерінің қорғалуы, мүддесі, айлық табысы тұрғысында өзекті мәселе көп. Осы тұста «Болашақ» университетінің оқытушысы, ардагер-журналист Айткүл Шалғынбаева мемлекеттік тапсырыс жөнінде ойын айтты.

– Мемлекеттік тапсырыс журналистердің көзқарасына әсер етпегені жөн. Мамандар әркез еркін, қалаған кезінде мәселелерді көтеріп, түйіні тарқағанша тереңіне бойлаған абзал. Сондықтан журналистерде білім ғана емес, ерік-жігер де болуы тиіс, – деді.

Уақыт жылжып, ақпарат ағыны күшейген сайын дәстүрлі журналистиканы жаңа медиа басып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл тақырып бойынша мамандар арасында талас та көп. «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың айтуынша, мамандар жаңа көшке ілесе алғаны дұрыс.

– Қазір әлемде ақпараттық майданның әсері қатты екенін білеміз. Осыны ескерсек, отандық журналистиканың тоқтаусыз дамығаны қажет. Ал бұл жерде дәстүрлі журналистика мен жаңа медианың таласы шығады. Әрине, дәстүрлі журналистиканың мықтылығына сөз жоқ, алайда мамандар жаңа медианың артықшылықтарын уақытында игеріп алғаны жөн, – деп топшылады.

Сондай-ақ жиында сөйлеген «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досмамбетов журналистика мен білім беру саласының арасында тығыз байланыс бар екенін жеткізді.

– Журналистика – қоғамның айнасы іспетті. Барлық мәселелерді ашып көрсетіп, оны шешу жолын ұсынып жатады. Және ол да белгілі бір деңгейде білім беру саласы секілді ағартушылық ісін қоса атқарады. Сондықтан бұл екі саланың бір-біріне ұқсастығы бар, – деді ол.

Басқосудың соңында журналистика кафедрасының студенттері көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Бұдан кейін қонақтарға оқу ғимараты таныстырылып, білім берудің әдістемелері көрсетілді.

Мадияр ТӨЛЕУОВ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз: