Сәрсенбі, 02 шiлде, 00:06

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Журналистер одағына жаңа лек қосылды

01.07.2025

15

0

zhurnalister oda y a9d2a28d0c

Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында сырбойылық журналистер Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды. 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай одақтың куәлігі мен төсбелгісіне ие болды. Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы  Қуат Шарабидинов қатысты.

Журналистер одағы.jpeg

– Ең алдымен барлығыңызды байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымы қоғамның белді мүшелері десем қателеспеймін. Облыстық «Сыр бойы» газетінің ұжымы газеттің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық «Үркер» сыйлығын, облыстық «Qyzylorda» телеарнасы «Тұмар» сыйлығын иеленді. Мұның өзі аймақтық БАҚ саласының үздіктер қатарынан ойып тұрып орын алғанының дәлелі. Кәсіби мерекеде марапат төрінен көрініп, еңбектерінің жемісін көріп жатқан ардагер журналистерді, одаққа мүше болғалы тұрған жандарды құттықтай келе, еңбекте табысты болыңыздар дегім келеді. Сіздерге шығармашылықтың шыңына жететін күш-қуат тілеймін, – деді басқарма басшысы Р.Каюпов.

Биыл мүшелікке қабылданғандардың дені жастар. Олардың қатарында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағыныш Мұхитқызы, детектив шығармалар авторы Бекдулла Абдрасуллаев, «Жаңақорған тынысы» газетінің авторы Ардақты Бақдәулетқызы, «Кызылординские вести» газетінің тілшілері Перизат Абдулазисова мен Айдана Мусаева, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Әлия Тәжібай, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшілері Мақпал Патенова мен Әсел Рзаева бар. Сонымен қатар «Сыр түлегі» газетінің бас редакторы Азамат Әбимолдаев, облыстық энергетика басқармасының баспасөз хатшысы Адина Ұзақбай және «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Замира Қонысжан да одаққа мүше болды.

Жылдағы дәстүрге айналған іс-шара биылда өз жалғасын тапты. Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген жандарды құттықтаймын. Еңбектеріңіз еленіп, қашан да абырой биігінен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді облыстық филиал төрағасы Қуат Әбішұлы.

Қазақстанның құрметті журналисі.jpeg
Журналистер одағы.jpeg

Сондай-ақ, аталған іс-шарада отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар БАҚ саласының қызметкерлері, ардагер журналистер марапат төрінен көрінді. Ең алдымен басқарма басшысы Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» медалімен Ерімбетов Кенжалы Райымбекұлын марапаттады. Сонымен бірге Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен облыстық «Сыр бойы» газетінің ардагер журналисі Қайырбек Мырзахметұлы, Рысты Бекбергенова, Арал аудандық «Толқын» газеті бас редакторының орынбасары Абай Елеш, Қазалы аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев марапатталды.

Іс-шарада ақын Сағыныш Мұхитқызы журналистер қауымын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Аружан ЕРАЛЫ

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика