Қызылорда қаласында жұмысшы мамандықтары жылы аясында «AMANAT» партиясы және Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Болашаққа бағдар» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
«Нұрсәт» теннис орталығында өткен іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партияның облыстық, қалалық мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының мүшелері қатысты.
Жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай Абай, Ұлытау, Павлодар облыстары, жергілікті «Аksa Еnergy Qyzylorda» компаниясы, «Автобус паркі», «Қорқыт ата» әуежайы, «КазАтомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары және аймақтағы ірі құрылыс компанияларының өкілдері қатысып, 8 мыңнан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
«Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жобасы аясында өңірімізден соңғы 5 жылдың ішінде 688 отбасы құрамында 2292 адамымен қоныс аударды. Жұмысқа жарамды мүшелерінің 80 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыс берушілермен бюджет қаржысы есебінен тұрғын үй мен біржолғы қаржылай көмекпен қамтамасыз етіліп, коммуналдық тұрғын-үй және үйді жалдау шығыстарын өтеуге қаржылай қолдау көрсетілді.Олардың қатарында жоғары оқу орнын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқандар мен мемлекеттен қаржылай қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандары да бар»,- деді жиында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.
Жалпы Сыр өңірінде бүгінгі күні жұмыссыздар саны 15858 адамды құрайды. Оның ішінде 1962 білім саласы, 1546 медицина саласы, 886 құрылыс, 1154 қызмет көрсету саласы мамандары және 2168 техникалық мамандығы бар азаматтар.
Жәрмеңке барысында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай Абай, Ұлытау, Павлодар облыстарынан келген жұмыс берушілер білім саласы бойынша 1390, денсаулық саласы бойынша 578 және өзге де салалар бойынша 177 бос жұмыс орындарын ұсынылды.
Іс-шара соңында екі облыс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан өңірлер өкілдеріне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғыс хаты табысталып, 3 жас маманға тұрақты жұмысқа жолдама берілді.
Атап өту керек, жәрмеңкеге жұмысшы мамандықтарды даярлау бағытында кадрлар әзірлеуші колледждер мен өздерінің кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлер де өз өнімдерін ұсынған болатын. Үздік тауар өндірушілер мен жұмыс берушілердің еңбегі бағаланып арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

