Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы, Қоғамдық даму басқармасы, облыстық жұмыспен қамты үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы, Еңбек мобильді орталығы және «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтарға жаңа мүмкіндік» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға арнайы қатысқан Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов жұмыс берушілерге ризашылық білдіріп, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі.
Жәрменкеге ҚР Қорғаныс министрлігінің Қызылорда облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, «Отбасы Банкі» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы, облыстық «Жастар денсаулық орталығы» КММ-сі, Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары қатысып, жастарға өз салалары бойынша бағыт-бағдар, түрлі кеңестер берді.
Негізгі мақсат — жұмыссыз жастарға жұмыс беруші мекемелермен сұхбаттасуға мүмкіндік беру. Оқу бітіруші түлектерге өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға жағдай жасау және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру болып табылады.
Іс-шара барысында жұмыссыз жастарға арнайы 33 мекемеден 150-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды.
— «Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы»,- деп белгіледі. Мұндағы мақсат еңбек адамдарына құрмет көрсету мен олардың еңбегін дәріптеу болып табылады. Шыны керек, технология дамығанымен әр мамандықтың өз сұранысы болады. Бүгінгі жәрмеңкенің «Жұмысшы мамандықтарға жаңа мүмкіндік» деп аталуының сыры осында. Мұнан бөлек, «AMANAT» партиясының қолдауымен қолдауымен түсірілген «Еңбек адамы» деректі фильмі көрсетіліп жатыр. Атап өту керек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бүгінҚызылорда қаласының бірнеше мөлтек аудандарында да ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатын болады»,- деді жәрмекеге қатысып, жұмыс берушілермен тілдескен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
