Жұма, 31 қаңтар, 02:17

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жүйелі жұмыс жемісті нәтижеге жеткізеді

30.01.2025

72

0

Жүйелі жұмыс жемісті нәтижеге жеткізеді
Фото: Akorda.kz

Сейсенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады.

Баяндамада негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге, Президенттің, Үкіметтің қолдауымен қолға алынған бастамаларға, ұлттық жобаларды жүзеге асыру барысына, құрылыс қарқынына, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына тоқталды.

Аймақ басшысы өңірдің экономикалық өсімі 7 пайыз болып, барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілгенін атап өтті.

– Өзіңіздің, Үкіметтің қолдауымен облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Экономиканың негізгі үлесін алатын мұнай қорының 15 жылдан астам уақыттан бергі төмендеу тенденциясын ескере отырып, өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық саланы жедел дамыту шараларымен қатар, мұнай-газ өңдеу саласын әрі қарай өркендетудеміз.

Жаңа кен орындарын ашу мақсатында геологиялық зерттеу, мұнайдың төменгі қабаттарын игеру жұмыстары жүргізілуде. Кен орындарында тереңдігі 5500 метрге дейін (скважина) бұрғылау, дәстүрлі емес (қаратақта тас мұнай) көмірсутекті игеру жұмыстары басталды, – деді облыс әкімі.

Өңірде негізгі капиталға 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайыз болған. Бұл республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайыз жоғары (ҚР – 107,5%). Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. 9 айдың қорытындысымен 171 млн АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Өсім – 16,6 пайыз.

Н.Нәлібаев экономиканы әртараптандыруда 2024 жылы 37 млрд теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылғанына, биыл 280 млрд теңгенің 33 жаңа жобасы жүзеге асырылатынына тоқталды.

– 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеге жуық 87 инвестициялық жоба іске асырылып, 8300 жаңа жұмыс орны ашылады.

004

Сіздің Қатар мемлекетіне жасаған іссапарыңыз аясында, өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен өңірде құны 800 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 1100 мегаваттық бу-газ қондырғысының жобасы жүзеге асады. Қазіргі таңда жер беріліп, техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Биыл «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін қайта жаңғырту мақсатында 215 млрд теңгенің жаңа кен байыту комбинатының, 147 млрд теңге тұратын жылына 300 мың тонна кальцийленген сода шығаратын зауыт құрылыстары басталады.  62 млрд теңгеге қуаттылығы 201 мегаватты құрайтын 5 күн және 1 жел электр станциясы іске қосылады.

Сіздің қатысуыңызбен өткен Қазақстан-Германия, Қазақстан-Корея форумдары аясында қол қойылған меморандумдарға сәйкес, сәуір айында 31 млрд теңгеге «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн дана шыны бөтелке шығаратын, 19 млрд теңгеге кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыт құрылыстары басталады, – деді аймақ басшысы. 

Мемлекетаралық келісімдер нәтижесінде кейінгі екі жылда Арал теңізіндегі су көлемі 4 млрд текше метрге жуық көбейді (2022 ж – 18,5 млрд м3, 2024 ж – 22,3 млрд м3, САТ көлемі – 27 млрд м3). Бұл балық шаруашылығының дамуына, экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізуде.

009

Су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынды. Жарты миллион тоннаға жуық күріш (58 ц/га, 496,4 мың тонна) жиналды. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 2023 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артты.

001

Аймақ басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған жұмыстарды да атап айтты. Кейінгі екі жылда 601 жоба (4,3 млрд теңге) жүзеге асырылып, 917 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 815 жобаны (5,5 млрд  теңге) іске қосып, 1 мыңнан астам (1060) жұмыс орнын ашу жоспары бар.

– Бұл бағытта біз шағын өндіріс орталықтарын құруға басымдық берудеміз. Шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен (залог) қамтамасыз етудеміз, – деді облыс әкімі.

«Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 49 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында биыл агро-индустриялық жобаларға қажет мамандар даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс саны 5308 орынға дейін ұлғайды.

006

Экономиканың өсімін қамтамасыз етумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жұмыстарына ерекше басымдық берілген. Өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 98,6 пайыз. Биыл барлық елді мекен сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылады. Газбен қамту деңгейі  78 пайыз, биыл 83 пайызға дейін жетеді.

Жылумен қамтамасыз ету нысандары мен желілерін (9,5 шақырым) жаңғыртуға өткен жылы 12 млрд теңге қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары мерзімінде жүргізілді. Соның арқасында жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде.

Өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыз, биыл 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткіш 95 пайыздан асады.

003

Президенттің тікелей қолдауымен «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы салынды. Заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтті. Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілді, оған қоса 100 электромобиль тұрғындарға экотакси қызметін көрсетуде.

Құрылыс жұмыстарының көлемі республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары (ҚР – 113,1%, Қызылорда – 153,8%). Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 2 500-ден астам жаңа пәтер табысталды.

– Аймағымызда жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. 2024 жылы 69 жаңа ғимарат салынып (білім – 25, денсаулық сақтау – 16, мәдениет – 11, спорт – 17), ел игілігіне қызмет етуде. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ірі құрылыс нысандары пайдалануға беріледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады.

007

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан (2024 ж. – 12 нысан) салынды. Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау ұйымдарына 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді.

Сіздің бастамаңызбен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаржыға Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары  ашылды. 1 млрд 100 млн теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен алынып, ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде, – деді Н.Нәлібаев.

Кейінгі жылдары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет меншігіне өтті.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасына 736 мың адам қатысып, 176 800 тал егілді. Акция басталғалы ауылдарды қолдау, ынталандыру мақсатында дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп,  2,1 млрд теңгеге күнделікті тұрмысқа қажетті 67 техника табысталды. Коммуналдық сала кәсіпорындарына (КРЭК, ТЭЦ, «Қызылорда тазалығы», «Жасыл Қызылорда», «Қызылорда су жүйесі») 309 арнайы техника сатып алынды.

Қызылорда қаласының орталық алаңы, аудандарда демалыс орындары қайта жаңғыртудан өтті. Биыл бірнеше саябақ қайта жаңартылады.

Бүгінде түркиялық инвестор «Акса Энерджи» қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салып жатыр. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңа станция іске қосылғанда облыс орталығын жылумен, өңірді электр энергиямен толық қамтамасыз етеді. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін (60 МВт) өзге аймақтарға сатуға мүмкіндік береді.

010

Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы (26,2 млрд теңге) басталып, көпқабатты тұрғын үйлердің 50 пайыздан астамы (187 үй) ыстық суға қосылды. Алдағы жылу беру маусымына дейін облыс орталығы толығымен ыстық сумен қамтамасыз етіледі.

– 2022 жылы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары (108,5 млрд теңге) бастау алды. Облыс аумағындағы 216 шақырым жолдың 151 шақырымы пайдалануға берілді. Жоба биыл толығымен аяқталады.

Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру жобасы басталады деп күтілуде. Қазіргі таңда, демеушілікпен 350 млн теңгеге техника-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жоба құны шамамен 1,2 трлн теңге, – деді облыс әкімі.

005

Н.Нәлібаев сөзінің қорытындысында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық тапсырма Үкіметтің қолдауымен нәтижелі, уақытылы орындалатынын айтты.

Мемлекет басшысы атқарылған істерге оң бағасын беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты екенін атап өтті.  

– Аймақ диқандары су тапшылығына қарамастан биыл айтарлықтай мол күріш жинады. Басқа да бағыттар бойынша жұмыс нәтижесі жаман емес. Бірақ босаңсуға болмайды, – деді Президент.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика