Мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізілуде. Бұл жаңалық азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке жүгіну құқығын шектемейді.
Жаңа жұмыс тәртібі бойынша мобилдік бригадалар емханалар жанында жұмыс күндері сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Өмірге қауіп төндірмейтін 4-санаттағы шақыртулар (мысалы, жоғары қан қысымы, дене қызуының көтерілуі, жеңіл жарақаттар) жұмыс уақытында мобилдік бригадаларға бағытталады.
20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санаттағы шақыртуларға да, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қажет болған жағдайда енді мобиьлді бригадалармен бірге арнайы мамандар да келеді. Мысалы, балаларға педиатрдың қатысуымен көмек көрсетілсе, ересек пациенттерге кардиолог, невропатолог секілді профильді мамандар тартылатын болады.
Статистикаға сәйкес, жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы 4-санатқа жатады және созылмалы аурулардың өршуімен байланысты. Бұл өзгерістер шұғыл көмекке мұқтаж науқастарға қызмет көрсету сапасын арттырып, кешігу мәселесін азайтуға бағытталған.
Қазіргі кезде облыста 85 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрамында 56 топ бар. Оның 10-ы – дәрігерлік, қалғаны – фельдшерлік топ. Емханалар жанында 29 фельдшерлік топ бар.
– Жаңа ереже бойынша емханалар жанындағы мобильдік бригадалар кезек күттірмей көмек көрсету үшін 25 мың тұрғынға шаққанда 1 мобильді топ есебінде құрылады. Олар 4-санаттағы шақыртуларға барады. 4-санатты шақыртуларға адам өміріне тікелей қаупі жоқ жіті немесе созылмалы аурулардың өршуінен туындаған жағдайлар жатады. Оған қан қысымының, дене температурасының көтерілуі, бронх демікпесі, қант диабеті және терінің қабынуына әсер ететін аллергиялық аурулар, жеңіл жарақаттар, яғни күйік, ұрып алу, тағы басқалар жатады. Бұл бұйрықта шақырту алған сәтінен бастап орналасқан жерге келгенге дейінгі уақыты бұрынғыша қалып отыр. Атап айтқанда, 1-санат 10 минут, 2-санат 15 минут, 3-санат 30 минут, 4-санат 60 минут, – дейді облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова.
Айта кету керек, қандай жағдай болмасын 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру мүмкіндігі сақталады.
Айнұр БАТТАЛОВА