Kyzylorda-news.kz. Әңгімелесу, проблемалы отбасыларға бару және көңіл көтеру орындарына түнгі рейд жүргізу – өткен жылдың 12 айында Жаңақорған ауданында 200 жуық рейдтік іс-шара өткізілді. Түнгі рейдтерге ювеналдық полицейлермен бірге білім, денсаулық сақтау органдарының өкілдері, криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері қатысады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында және үйден тыс жүргендері үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың 270 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тартқаны үшін 2 азаматқа шара көрілсе, кәмелетке толмағандарға алкогольдік және темекі өнімдерін сатқаны үшін 2 дүкен иесі жауапқа тартылды. Осылайша, түрлі бұзушылықтардың жолы кесілді.
Жаңақорған ауданының Полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Ербол Әлімбековтің сөзінше кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ювеналдық полиция инспекторларының басты міндеті болып табылады. Аталған жұмыс белгілі бір машықтарды, бей-жай қарамауды және күнделікті жұмыс жүргізуді тек полицейлер мен педагогтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ балалардың ата-аналарынан талап етеді.
«Бүгінгі күні жеке профилактикалық шаралар қабылданған 5 жасөспірім есепте тұр. Қазіргі уақытта баласының тәрбиесіне бей-жай қараған 4 ата-ана есепте тұр, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыстың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың және оларға қатысты қылмыстарды ескерту болып табылады»,- деді Ербол Әлімбеков.