Сыр өңірінің жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға биыл 42 миллиард теңге қаржы қаралған. Қазір осы мақсатта ауқымды жобалар қолға алынып отыр.
Десе де жаңадан төселген жол сапасы қандай? Осы орайда Жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық филиалының мамандары республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Онда журналистер қала аумағындағы бірқатар нысанда жылжымалы зертхананың тексеру жұмысымен танысты.
Кейінгі жылдары қаланың жол қатынасы жақсарып келеді. Осындай маңызды жобаның бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы. Бүгінде даңғылды Әбілқайыр хан және Саламатов көшелері аралығында ұзарту көзделген. Сол арқылы Сырдария өзенінің бойымен 2,8 шақырым жаңа жол пайдалануға беріледі. Оған қоса дария бөгеті нығайтылады.
Жоба бойынша жол төрт жолақты болады. Мамандар оның талапқа сай жасалуына назар аударып отыр. Алдымен топырақ төселген жер қабаты нығыздалып, 25 сантиметр малта тасты, құмды қоспа салынды. Содан кейін 8 сантиметр қиыршық тас пен 6 сантиметр ірі түйіршікті ыстық асфальт-бетон қоспасы төселуде. Жоғары бөлігіне қиыршық тасты, мастикалық асфальт-бетон қоспасы салынады. Жолдың қалыңдығы – 44 сантиметр.
– Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылында мамыр айында жұмыс басталды. Қазірге дейін жолдың негізгі қабаты салынып, бірқатар учаскесінде асфальт төсеу қолға алынып отыр. Филиал мамандары нысанның құрылыс материалдарынан 5 мәрте сынама алды. Жолдың сапасын ұдайы бақылап отырмыз. Зертханалық тексеру барысында өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Дегенмен, бірқатар сын-ескертпе берілді. Мердігер мекеме оны дер уақытында талапқа сай етіп түзетті. Жалпы біздің орталықтың мамандары жыл басынан бері 126 нысанда 607 зертханалық және аспаптық тексеруге шыққан. Олардан 1714 сынама алынып, тиісті сараптама жасалды. Облыс басшылығы кейінгі жылдары жолдың сапалы салынуына баса назар аударып отыр. Сондықтан орталық мамандары бақылауды күшейтіп, кемшіліктерге жол бермеуге көңіл бөлген, – дейді облыстық филиал директоры Мақсат Мұқанов.
Айта кетсек, мамырда басталған жол құрылысының уақыты 9 айға белгіленген. Жобаның техникалық қадағалаушысы – «Altimus LTD» ЖШС.
Сондай-ақ мамандар «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолының қала аумағынан өтетін 2-12 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап келеді. Маңызды нысанға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қаржылай қолдау көрсетті. Жөндеуден өтіп жатқан автожол қала іргесіндегі «Қарауылтөбе», Досан, Абай елді мекендері мен «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындарының көлік қатынасына оң септігін тигізеді.

Ұлттық сапа орталығы жылжымалы зертханасының мамандары жаңадан төселген асфальт жабындысынан сынама алды. Бұған дейін аталған аумақта 40 мәрте тексеру жүргізілді. Барлығы 122 сынамамен зертханалық тексеру шарасы атқарылды.
– Орташа жөндеуден өтетін автожолдың ұзындығы 9,5 шақырым болса, ені 14 метрге жуық. Қазірге дейін төсемесі кеңейтілді, 7,3 шақырымында жолдың негіздемесі 20 сантиметр қалыңдықта ресайклерлеу әдісімен жасалды. Содан кейін 6 шақырым бөлігіне 8 сантиметр ірі түйіршікті асфальт төселген. Жамылғының жоғарғы қабатына 5 сантиметр қиыршық тасты мастикалық асфальт төсеу басталды. Бүгінде жоғарғы қабаты бойынша жұмыстың 1,6 шақырымы жүзеге асты. Бұл учаскелерде кезең-кезеңімен жол қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Орташа жөндеу жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталған еді. Бас мердігер міндетін «Дорстрой» ЖШС атқарса, «АДСИ» ЖШС техникалық қадағалаушы ретінде бекітілген.
Мамандардың айтуынша, жол құрылысынан алынған барлық сынама орталықтың заманауи зертханасында сараптамадан өтеді. Автоматтандырылған қондырғылар арқылы асфальт жабындысының тығыздығы, суға қанығу коэффициенті өлшенеді. Оның құрамындағы қиыршық тас пен құмның да сапасы анықталады.
– Жол сапасын арттыру үшін құрылыс материалдарын сараптамадан өткізетін зертхана заман талабына сай болуы керек. Ұлттық сапа орталығында қазір бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Жолдан алынған әрбір сынама арнайы планшет арқылы базаға тіркеледі. Асфальт жабындысы нөмірленіп, қандай сараптама жүргізілгені нақтыланады. Оның нәтижесі тайға таңба басқандай платформада көрсетіліп тұрады, яғни, қазір біздің жұмысымыз толықтай цифрлық жүйеге көшті. Зертханада 100-ден астам бүгінгі күн талабына сай үлгідегі заманауи қондырғы бар. Бұрын бір сынамаға 10-15 күніміз кететін болса, қазір оған 2-3 күн жұмсаймыз. Мамандар жыл сайын шетелде біліктілік арттырады. Осылайша олардың озық тәжірибесін өндіріске енгізіп жатырмыз, – дейді зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.
Айта кетейік, бүгінде Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары 11 республикалық, 10 облыстық, 88 аудандық және елді мекен ішкі жолдарына, қаладағы 16 көшеге бақылау жүргізуде.
Әділжан ҮМБЕТ