Сейсенбі, 01 шiлде, 07:23

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жалаңаш ауылында жаңа мектептің іргетасы қаланды

26.06.2025

79

0

511323785 1024095716578339 2624685892604587444 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданына қарасты Жалаңаш елді мекеніндегі 150 орындық мектептің іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, басталған іске сәттілік тіледі.

513710636 1024095609911683 5679027918973000247 n

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», — деген болатын. Шәкірттерімізге сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы 304 млрд. 600 млн. теңге болып, 32 пайызға артты. Біздің ең бірінші міндетіміз — балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. 2024 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет, жеке инвестор есебінен 13 білім беру ұйымы пайдалануға берілді.

Алаш арысы Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», — деген жақсы сөзі бар. Жаңа бой көтеретін білім ошағынан болашақта алдыңғы буынның ізгі жолын жалғайтын, ел үмітін ақтайтын білімді, талантты шәкірттер шығатынына сенімдіміз! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай!», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Шарада Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Мергенсай ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық кеңесінің төрағасы Әсемхан Аққалиұлы батасын берді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймағымызда 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне берілді. Тағы 4 мектептің құрылысы аяқталып, олар жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне табысталмақ. Атап айтқанда, Арал қаласында бой көтерген 300 орындық №292 орта мектеп жыл басында пайдалануға берілсе, алдағы күндері Сексеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» оқушыларды қарсы алады.

Сондай-ақ, Тоқабай ауылындағы демеушілер қолдауымен салынған 100 орындық жаңа мектеп ашылуға дайын.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика