Жексенбі, 19 мамыр, 03:11

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер артты

04.01.2024

132

0

aleumettik_tolemder_artty
Фото: ашық дереккөзден

Қаңтардың 1-нен  бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК)  3692, ең төменгі зейнетақы 57853, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) 43407, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері  28215 теңге болып белгіленді. Сонымен қатар еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты  зейнетақы төлемдері 9%-ға артты. Бұдан басқа, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ке (203060 теңге) өсті.

Биылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленді. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 65 пайызына (60 пайыздың орнына) зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін ол 2 пайызға арттырылады. бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) және бірінші топ мүгедектігі бар адамды күтушіге төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы ЕТКД (43407 теңге) ұлғаюына байланысты 69886 теңгені құрайды.

Бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне төленетін мемлекеттік жәрдемақы қалай өзгерді?

Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы өткен жылдың осы кезеңінде 131100 теңгені құраса, биыл 1 қаңтардан бастап 140296 теңгені құрады немесе 9196 теңгеге,  ал төрт және одан да көп бала туғанда 217350 теңгеден 232596 теңгеге өсті.

Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы туу кезектілігіне байланысты бірінші балаға 21266 теңге, екінші балаға 25143 теңге, үшінші балаға 28983 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 32859 теңге.

Төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы барлардың жәрдемақысы бала санына қарай сараланып ұлғайтылды.  Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасыға 59183 теңге, 5 балаға  73988 теңге, 6 балаға 88793 теңге, 7 балаға 103598 теңге, 8 балаға  118144 теңге, 9 балаға 132912 теңге, 10 балаға 147680 теңге және одан әрі бала санына қарай өзгереді. 

«Күміс алқамен» марапатталған аналардың ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысы 23629 теңге, ал «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналардың ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысы  27321 теңге.

Сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда, жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы – 129220 теңге. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемдері де артты.

Облыс бойынша 255,4 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушының (оның ішінде зейнетақы алушылардың саны – 78,1 мың адам) төлемін қайта есептеу автоматты түрде жүргізілді. 2024 жылы қаңтар айынан бастап көбейтілген төлемдер төленуде.

Ертілеу ЖАЛҒАСБАЕВ,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің

облыс бойынша департамент басшысы

Тағы да оқыңыз: