Сейсенбі, 03 наурыз, 00:38

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Заң мен тәртіп» қағидатын өңірлік деңгейде іске асыру мәселесі талқыланды

02.03.2026

12

0

643857012 1220617336926175 9178382159425931937 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдарының, басқармалардың, жергілікті оқу орындарының басшыларымен, профессорлар және студенттермен, адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездесті, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Онда «Заң мен тәртіп» қағидатын өңірлік деңгейде нақты іске асыру, құқық қорғау органдарының кәсіби әлеуетін арттыру, ғылым мен практиканың өзара байланысын күшейту мәселелері талқыланды.

Нұрлыбек Машбекұлы еліміздің құқық қорғау, заң шығару салаларындағы ауқымды реформаларға тоқталды.

«Мемлекет басшымыз 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы сақталып, мемлекеттің унитарлы сипаты мен шекарасына, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған. Біздің мақсатымыз ортақ, ол – Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыру.

Ал «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституция деңгейінде бекітілуі заң үстемдігі мемлекет пен қоғам өмірінің басты құндылығына айналатынын білдіреді. Бұл міндет, ең алдымен, құқық қорғау жүйесінің кәсібилігіне, кадр сапасы мен басқару мәдениетіне тікелей байланысты.

Былтыр 30 желтоқсанда Мемлекет басшымыз «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңға қол қойды. Бұл заң құқықбұзушылықтың алдын алуды жазалау шараларынан басым қойып, профилактиканың бірыңғай жүйесін қалыптастырады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқыққа қайшы мінез-құлықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бойынша кешенді әрі ведомствоаралық жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Президентіміздің тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымына енгізілді. Бүгінде бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» ұстанымдары аясына жүйеленді. Бұл – болашағына алаңдайтын, ұрпақ тәрбиесін басты құндылық санайтын еліміз үшін айрықша маңызға ие бағыттар», – деді Н.Нәлібаев.

644949646 1220617526926156 6591444121818485247 n

Жиында Нұрғалым Әбдіров сөз сөйлеп, академия білікті кадрлар даярлап, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізетінін, оның түлектері құқық қорғау жүйесінің кәсіби әлеуетін нығайтып, «Адал азамат» қағидатын іске асыруға белсенді үлес қосатынын айтты. Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, Қорқыт ата атындағы университетінің ректоры Наурызбай Байқадамов, академияның кафедра меңгерушісі Артур Баймаханов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.

Сөз қорытындысында облыс әкімі барша жұртшылықты алдағы маңызды саяси кезеңде елдік мүдде жолындағы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырды.

Жиын соңында аймақ басшысы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры, облыс прокуроры мен облыстық полиция департаментінің бастығы Қызылорда облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын құқықбұзушылықтардың профилактикасы саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды.

644973122 1220617473592828 3221571668157495838 n

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика