Жұма, 22 қараша, 18:28

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Ұлы дала» шығармашылық байқауы: Аймақтық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

21.11.2024

40

0

«Ұлы дала» шығармашылық байқауы

«AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының  аймақтық кезеңі мәреге жетті. Биыл алғаш рет аймақтық деңгейде ұйымдастырылырған әдеби конкурс қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойы аясында өтті. 

Партияның облыстық филиалы  ұйымдастырған додаға қатысушылар 3 номинация бойынша бақ сынады. Байқауда «Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығы» арнайы жүлдесі де қарастырылды. Сайысқа 50-ге жуық өтініш келіп түсіп, оның 30-ы ақтық кезеңге жолдама алды.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов «AMANAT» партиясы ұлттық  және рухани құндылықтарды паш ететін, отандық авторлардың шығармаларын қолдап, насихаттайтын тың жобалар мен серпінді бастамаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтіп, өңірде мәдениет пен әдебиетке жасалып жатқан қолдауларды жеткізді. 

«Аймақ басшысы ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеу мақсатында биылғы жылды өңірде «Руханият жылы» деп жариялады. Мерейлі жылға тарту ретінде 1000 орындық «Өнер орталығы», Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы — Жыраулар үйі ашылды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты, Жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі», Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты салынуда. Аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының іргетасы қалануда.

Өңірде атқарылған жұмыстарға халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Бұл – тұтас Орта Азияда рухани, мәдени кемелденген өңір екенімізді көрсеткен жоғары баға деп білеміз.

Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды паш ететін, креативті идеяларға ие жас қаламгерлерге, отандық авторларға қолдау көрсету және шығармаларын насихаттау. Сонымен қатар ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармаларындағы тағылымды ойлар мен ескірмес образдарды өскелең ұрпаққа дәріптеу.

Cонымен «Ұлы дала» аймақтық шығармашылық байқауында «Поэзия» жанры бойынша жүлделі үшінші орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі, Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрар Бекмырзаевқа, екінші орын облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының лауреаты, «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы-редакторы Елжас Әбділдаға берілсе, ҚР Журналистер одағының мүшесі, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, «Сыр дарыны – 2021» номинациясының иегері Дина Бөкебай жеңіпаз болып танылды. 

«Проза» жанры бойынша үшінші орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Серпін» жастар сыйлығының иегері Гүлнар Дүйсебаева,  екінші  орын «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқаудың лауреаты, республикалық, аймақтық бірнеше байқаудың бас жүлдегері. Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері Ерасыл Шәрібекке бұйырса, Ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі. «Жолқараған» жыр жинағының авторы Биболат  Сатжанов бірінші орынды жеңіп алды.

Қазалылық  Жанар Диханова, Жалағаш ауданын келген Сандуғаш Жұбанова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті  Алтынай Дулатқызы, «Ескендір ЖК» есепшісі, белсенді жас Рахима Касымова «Балаларға арналған шығарма» жанры бойынша 100 мың теңге қаржылай сыйақы мен номинацияға ие болды.

«Біздің конкурста аталған жанр бойынша қазылар алқасының шешімі бойынша қатысқан 4 шығарманың деңгейлері бірдей болуына байланысты бір-бірінің арасын жармай барлығына бірдей 100.000 теңгеден қаржылай сыйақы қаралды»,-дейді қазылар алқасының мүшесі Қуат Ахетов.

  Ал, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай тағайындалған номинация және қаржылай 100 мың теңге сыйақы  Арал ауданы, Жақсықылыш кенті №19 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі  Жанар Сағатоваға табысталды. 

  Саланатты шараға зиялы қауым, халық қалулылары, БАҚ өкілдері мен әдебиет жанашылары, шығармашыл жастар қатысты.

c7ae3af4-b2ce-4a20-b0ba-bb500de38b3b.jpg
37adcce3-ee37-4e59-9906-004c33648d66.jpg
2812a367-a513-4bf3-9562-9c6cd0e52b2b.jpg
5452781c-e8eb-4d6f-904c-849a066634cf.jpg
bc8f2946-022c-4de4-8e08-f0bf700707ee.jpg
be846e13-5677-4726-ab16-f5d15e99362b.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика