Бейсенбі, 03 шiлде, 16:02

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Үміт мекені немесе болашаққа нық қадам

03.07.2025

9

0

onaltw
Фото: Автордан

Қала іргесінде орналасқан «Талсуат» ауылындағы оңалту орталығын көпшілік «Үміт мекені» деп атап кеткен. Өйткені бұл орталық – талай жанның денсаулығын жақсартып, кедергісіз орта қалыптастыруға сенім ұялатқан іргелі мекен. Түрлі жағдаймен немесе туабітті мүгедектікке душар болғандарды оңалтып, қайта аяққа тұрғызып, өмірге деген құлшынысын арттыратын орталықтың бүгінгі тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Республика бойынша санаулы өңірде ғана мұндай орталық бар. Соның бірі «Талсуаттағы» оңалту орталығының жұмыс істеп келе жатқанына да 13 жыл уақыт болыпты. Мекемеге кіреберісте қызу жұмыс байқалады. Ем алушылардың тынығуы үшін барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр. Айналасы жасыл желекке оранған мекеме маңайына демеушілердің көмегімен субұрқақ орнатылып жатыр екен. Бұл да келушілердің жақсы тынығуына сеп.

Бізді қарсы алған мекеме директоры Манат Бектемірқызы жұмыс барысымен таныстырды. Кірген бойда әрбір ем алушымен, қызметкермен кездесіп, күнделікті хал-жағдайларын сұрауды әдетке айналдырған. «Бір ауыз сөз жанды жадыратады» демекші, емделушілерге ең керегі де сол. Көбімен бұрыннан таныс секілді емін-еркін сөйлесіп жатты.

– Бұл кісілер – біздің тұ­рақты ем­делушілеріміз. Бірнеше жыл қа­тарынан келген соң жақы­нымыздай болып кеткен. Көңіл-кү­йін, денсаулығын, жағдайын сұрап тұ­­рамын. Өзім осы салада 18 жа­сымнан бері қызмет етудемін. Әлеу­меттік саланың барлық сатысынан өттім. Бізге келетін адамдар – ерекше жағдайдағы жандар. Сон­дықтан мамандарымыз олардың ден­саулығына сәйкес арнайы жос­пар бекітіп, сол бойынша жеке-жеке жұмыс жасайды. Қызмет алушы­ларымыздың әр сағаты, әр сәті жос­парлаулы. Таңертең арнайы жаттығулар жасаумен басталатын әр күн түрлі ем-шараларға толы. Олардың қимыл-қозғалысын дамы­ту мақсатында мамандарымыз уақыт­пен санаспай жұмыс істейді. Жалпы орталықтың жұмысы 2012 жылдан басталады. Екі қабатты ғимарат 6 блокқа бөлінген. Оның төртеуі қызмет алушыларға арналып жабдықталған. 150 қызмет алушыға арналған мекеменің әр блогында тынығу орны, асхана, ем-шара қабылдау кабинеттері бар.

Орталық қызмет алушыларға қо­лайлы жағдай жасайды. Осы мақ­сатта әлеуметтік-тұрмыстық, меди­ци­налық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық және әлеумет­тік-құқықтық  арнаулы қызметтер көрсетеді. Бұл үшін ғимараттың әр бөлмесі қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Біздің мекеменің жұмысы қызу әрі қауырт. Бірі емін алып, сауығып үйіне қайтса, оның орнына тағы да басқа қызмет алушы келіп жатады. Мәселен, бү­гіннің өзіне 17 адам келіп түсті. Сон­дықтан әр адамның өзіне айрықша қызмет көрсетіліп, аяққа тұрып кетуі үшін тынымсыз жұмыс істейміз, – дейді орталық директоры.

Биылдың өзінде 623 қызмет алушы қабылданып, 126-сы оң нәтижеге қол жеткізген.  Оның ішінде 48 адам ходунок балдақты  тастаса, 2-еуі кресло арбамен қоштасқан. Еңбек бағыты бойынша 32 адамның ұсақ моторикасы жақсарса, 49-ның психоэмоционалдық жағдайы түзелген. Сонымен қатар 7 адам өз бетінше сөйлей алатын дәрежеге жетсе, 4-еуі тұрмыстық дағдыға, 25-і мәдени бағытқа бейімделген.

Соңғы екі жылда  заманауи үлгіде қыз­мет көрсететін бірнеше меди­цина­лық аппарат алынған. Мәселен, физио­терапиялық аппарат, жүру имитаторы, «Орторент», Еламед «Полимаг-02М» 352 магнитті тера­пиялық аппараттары. Мұның бар­лығы ем алушылардың жағдайын түзетіп, аяққа тұрып, тезірек оңалып қатарға қосылуы үшін жасалған.

Орталықта жұмыс атқаратын емдік денешынықтыру маманы Әли Сәдуақасов жаңадан келген «Редкорд» аппараты арқылы шектелген буын­дарды қалпына келтіруге бағыт-бағдар беруде. Аяқ-қолын өздігінен қозғалта алмайтындарға аппараттың көмегімен түрлі жаттығулар жаса­тады. Біз барған уақытта егде жастағы кісінің аяғын қозғалтуына көмек беріп, жаттығу орындатып жатты.

Одан кейінгі бөлмеде «Крисаф» аппараты қойылған. Оған жауапты Аслан Сейдалиев – медицина маманы. Аппаратпен қалай жұмыс жасау керек, оның науқастарға берер пайдасы туралы арнайы оқудан өткен.

– Бұл құрылғы арқылы адамды көтеріп қойып, түрлі дене жат­ты­ғуын жасатамыз. Көбіне аяқ пен беломыртқаға арналған түрін қол­да­намыз. Аяқ-қолды қимылдату арқылы бұлшықеттерді қатайтамыз. Төрт түрлі арнайы бағдарламасы арқылы жұмыс жасайды. Жүзу имитациясы бағдарламасымен экранды қосу арқылы толқын тәрізді қимыл жасатамыз. Экранда судың бейнесі көрсетіліп тұрады. Науқас өзін суда жүзіп жүргендей сезінеді. Бұл омыртқаны ашып, қан айналымды жақсартады, – дейді нұсқаушы.

Орталықтың негізгі мақсаты – І және ІІ топтағы мүгедектерді, сонымен қатар егде жастағы өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын қарт кісілерді инсульттан кейін оңалту. Оңалту жұмыстары жеті түрлі бағыт бойынша жүргізіледі. Қыз­мет алушылардың бос уақыттарын тиім­ді пайдалану және спортпен шұғыл­дануға бейімдеу үшін арнайы спорт зал  және аулада спорттық алаң  бар. Оңал­ту іс-шараларын үздіксіз жүргізу үшін аудандардан келген  қызмет алу­шылар осында қона алады. Ал қалада тұра­тындарды  жұма күні кешкілік үйлеріне жеткізетін арнайы инватакси көлігі қарастырылған. Екі күн демалыстан соң дүйсенбіде қайтадан орталыққа әкеледі.

Мұнда қызмет алушыларды ыжда­ғаттылыққа, тазалыққа баулу, өз-өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, олардың өмір сүруге деген құлшынысын оя­тып, дүниетанымын кеңейту, әде­мі­лікке тарту, еңбек ету қабілетін арттыруда  әлеуметтік жұмыс жө­нін­дегі мамандар, дәрігерлер, аяжандар, психолог, еңбек терапиясы нұсқаушылары секілді 161 қызметкер еңбек етеді. Олар келушілерге тек медициналық және оңалту шара­ларын жүргізумен шектелмейді. Одан бөлек, ғимарат ішінде отбасындағыдай жағдай қалып­тастырып, жылылық, әдемілік, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтындай етіп безендірумен айналысады. Оған ор­талықпен танысу барысында көз жет­кіздік. Қол еңбегімен жасалған түрлі картиналар орталықтың сәнін келтіріп тұр. Қабырғаларда түрлі ою-өрнектер, ағаштан жасалған сан алуан мүсіндер ілулі. Жылыжайда орталық қызмет алушылары қияр, қызанақ, түрлі гүлдер егумен айна­лы­сып, қысы-жазы еңбек етуде.  Олар тек ем алып қоймай, мекеме ішін өз үйіндей безендіруге, әдемілеуге атсалысқаны орталық қызмет­керлеріне деген шынайы алғысынан туған деп ұғындық. Өйткені түрлі тағдыр иесімен, ауыр науқастармен жұмыс жасап, олардың көңілін тауып, күндіз-түні қызмет ету түсіне білгенге оңай емес.

Орталық ашылғанда ең бірінші алынған медициналық аппараттың бірі – «Локомат». Бұл аппараттың тілін ұғыну аяжан Туғанай Әбдіқадырова үшін қиын болмаған. Онымен жұмыс жасауды Ресейден келген мамандар үйреткен. Қазір 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келетіндіктен, әрбір бағдарламасын бес саусақтай меңгеріп алған.

– Бұл аппарат пультсіз жұмыс істемейді. Өзі арнайы үш бағдар­ламаға қойылған. Айталық, «LBom» қызметі арқылы жазылу, бүгілуді науқас өзінің мүмкіндігіне қарай жасайды. Ал «Lstif» қызметі арқылы аппарат оны өзі жасайтын болса, «Lforce» – қай аяқ салданған, оны қандай деңгейде бүгу керегін есептеп береді. Әр адаммен жұмыс жасағанда оның өлшемін аппаратқа дәлдікпен өлшеп кигізу, орнатудың маңызы зор. Қателесуге болмайды. Науқас пен құрылғы бірдей үйле­сім­ділікте қимылдау керек. Сонда ғана нәтиже болады, – дейді өз ісінің маманы.

Әлеуметтік-медициналық, пси­хо­логиялық қызметтер дәрігердің нұс­қаулығымен әр адамның жағ­дайына қарай жүргізіледі. Қимыл-қозғалысынан айырылған адам­дар үшін массаж, басқа да қал­пына келтіретін ем-шаралар таға­йындалады. Бұл мақсатта механо­терапия, лазеротерапия секілді ем түрлері кеңі­нен қол­данылады. Мәселен, механо­терапия қимыл-тірек қозғалысы бұзылған кісілерге жүруді үйретеді. Арнайы құрылғы арқылы арбаға отырған кісіні ал­дымен тұруға машықтандырады. Бір­шама уақыттан кейін ғана аяқты қозғалысқа келтіреді.

Бір ай бұрын ашылған тұзды шахта бөлмесі облыстық бюджет қара­жатымен жасақталған. Бөлме іші тұзға толы. Мұнда күнделікті 30-ға жуық адам дәрігердің нұсқауымен ем алады. Әсіресе, иммунитетті жақ­сартуға, тыныс алу жолдарын ашуға бірден-бір ем. Қарсы көрсетілімдері де бар. «Галамакс» аппараты арқылы арнайы сатып алынған тұз ауаға үрленіп тұрады. Кез келген тұз бұған жарамайды. Мамандар оны мөлшерімен салып, ем алушыларға қызмет көрсетеді.

Еңбек терапиясы бағытында да инсульт алған науқастардың саусақ мо­торикасын дамытуға арналған түрлі жаттығулар бар. Маманның көмегімен ұсақ заттарды қораптарға жинап үйренеді. Ал кейбір түрлері тоқпен жұмыс істейді. Мәселен, қала тұрғыны Нұрлан Тұңғышев осы аппарат арқылы қолын қимылдатуды үйреніп келеді. Бос уақытында футболға барады. Мүмкіндігім шек­теулі демейді, керісінше спортты жанына серік етіп, өмірге деген құл­шынысын арттырып жүрген азамат. Жуырда мемлекеттік бағдарлама арқылы электрлі қоларба алып, оны айдауды да меңгеріп жүр. Басына түскен қиындыққа мойымай, алға ұмтылып, жақсы нәтижеге жетуге талпынып жүрген жандар мұнда көп.

Тағы бір кейіпкеріміз Лаура Төлегенова – белгілі кәсіпкер. Алайда денсаулығы сыр беріп арбаға таңылса да, әлі күнге дейін сүйікті ісін жалғастыруда. Ол ем алуға келгенде орталықтың ас бөлмесінен тәтті иіс шығып, дастарқан толады. Мекеменің қызмет алушыларына шеберлік сағаттарын өткізіп, дәмді ас дайындаудың қыр-сырын үйретуден жалықпайды. Шеберлікпен  өнерді де қатар алып жүр.

Әлеуметтік-мәдени қызмет бағы­тында әр апта сайын түрлі  мәдени іс-ша­ралар  қызмет алушылардың қаты­суы­мен өткізілсе, облыстық  мәдени орталықтардағы іс-шараларға, спек­та­кльдерге, киноларға, әзіл-оспақ театрларға  көрермен ретінде қатыс­тыру жолға қойылған.  Жеке шығар­машылық кештерін өткізіп жоғары жетістіктерге жеткен қызмет алушылар да аз емес екен.

Орталық қызметкерінің бірі – Таң­шолпан  Нұрниязова бала кезінен мүгедек. Сондықтан да болар, өзі тағдырлас жандардың жағдайын жақсы түсініп, сезіне алады. Медицина саласында орта білім алып, қазір оңалту орталығында мейіргер болып жұмыс істеуде. Өз ісін ыждағаттылықпен атқаратын, жауапкершілігі мол маман қатарында.

Оңалту орталығының жұмысын көзбен көріп, атқарылып жатқан талай шаруаға куә болдық. Мұның барлығы білікті басшы әр істі ұтқыр ұйымдастыра білетін, әлеуметтік салада әбден төселген мықты маман Манат Тілеуованың берекелі тірлігі деп түйдік. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік жасап, олардың оңалуына үлес қосып отырған орталықтың алға қойған мақсаты да айқын. «Үміт мекенінен» әрбір адам үлкен сеніммен, нық қадам басып шығатынына шүбә жоқ.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика