Кеше «AMANAT» партиясының Қызылорда қалалық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қоғамдық қабылдау барысында қала тұрғындары өзекті әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Азаматтардың өтініштерінің бірі – Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округін газдандыру мәселесі. Аталған елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, өңірдегі экологиялық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға ықпал ететіндігі сөзсіз.
Елді-мекен тұрғындары тарапынан 2023 жылы Қараөзек бекеті-4 көшесі мен А.Құнанбаев көшесі бойынша ұзындығы 0,79 км болатын желі құрылысына конкурс жарияланып, жобаның кассалық шығындары игерілді. 2024 жылы республикалық бюджеттен 30 млн теңге бөлініп, белгіленген жұмыстары жүргізілгенімен, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғандығы туралы жолданды.
Сонымен қатар қабылдауда, «Торғай Петролеум» АҚ өкілі пайдалы қазбаларды өндіру салығына (ПҚӨС) мемлекет тарапынан өзгеріс енгізу қажеттігін жеткізді.
Қаладағы жеке клиника өкілдері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы медицина ұйымдарына қаржы төлеу тетіктеріне қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
Қабылдауға қатысқан тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған Мәжіліс депутаты әрбір мәселені жеке назарда ұстап, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жұмыс жүргізілетінін хабарлады.