Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде тұрғын үй құрылысын дамыту және саланы цифрландыру мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.
«Тұрғын үй құрылысына және пәтер сатып алуға бөлінген қаржының толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етіңіздер. Үйлердің сапасы және белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қатаң бақылануы тиіс. Баспаналарды кезектілік тәртібімен табыстауды 20 наурызға дейін аяқтау керек.
Өткен аптада аппарат инспекторлары аудандарда пайдалануға берілген үйлердің жай-күйін зерделеп, бірқатар кемшілікті анықтады. Аудан әкімдеріне кемшіліктерді жою жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма берілген болатын. Алайда тапсырма толық орындалмаған. Сондықтан мердігер мекемелерді тартып, анықталған олқылықтарды 3 күн ішінде шұғыл қалпына келтіріңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде тұрғын үй құрылысына 36 млрд. теңге қаржы бөлініп, 939,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,4 пайызға өсім қалыптасты.
Жыл қорытындысымен 2577 пәтер табысталып, 10 мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтылды.
Биыл тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 55 млрд 600 млн. теңге қаржы бөлінген.


