Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында кейінгі жылдары облыста тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқын алды. 2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер беріліп, 17 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесі шешілген болса, өткен жылы 10 000-нан астам тұрғын баспанаға қол жеткізді. Нәтижесінде, облысымыз халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алу көрсеткіші бойынша республикада 2-ші орынға көтерілді, деп хабарлайды Syrboyi.kz. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев айтты.
– 2024 жылы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 40,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 904 пәтерді қамтитын 16 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 1 948 пәтер сатып алынды. Оның ішінде қала тұрғындарына 933 пәтер, ал аудандардағы тұрғындарға 1 015 пәтердің кілті табысталды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 121 пәтер сатып алынды. Айта кету керек, бүгінгі күні облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 36 234 азамат тіркелсе, оның 25 825-і Қызылорда қаласының тұрғындары. Өткен жылдың қорытындысымен қаңтар-желтоқсан айларында қаржыландырудың барлық көздерінен 866,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 116,9 пайызға артты. Биыл да аталған тұжырымдама аясында тұрғын үй құрылысын жүргізуге және сатып алуға 7,7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Облыстық бюджеттен бөлінген 3,9 млрд теңгенің 2,2 млрд теңгесі 650 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үйдің құрылысына жұмсалады. Ал, республикалық бюджеттен бөлінген 3,8 млрд теңгеге тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 292 пәтер сатып алынатын болады, – деді Ерлан Кәрімбекұлы.