Еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобада нақтыланған. Теміржол және автомобиль жолдарының инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша түрлі шаралар қолға алынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану екенін атап өтті.
«Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысының қолдауымен бұл бағытта атқарылып жатқан байыпты бастамалар жемісін беруде. Нәтижесінде мыңдаған шақырымға созылған автомагистральдар салынды. Елімізден ұшқан ұшақтар шартарапқа әуе жолдарын ашты. Теміржол желілері тартылып, мыңдаған шақырымға ұласты. Су жолдары да жаңғырды.
Ел ішіндегі аймақаралық коммуникацияны қамтамасыз ету мақсатында да тың жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде Қызылорда облысында жол-көлік саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде әлі де тың жобалар жалғасын табуда. Бұл аймақ дамуына серпін беріп, Сыр өңірі қай жағынан да алда екенін көрсетеді.
Көкжиекті кеңейткен автожолдар
Көлік жолдарының жағдайы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін бағамдайды. Облыста автомобиль жолдары саласы бойынша қарқынды даму байқалады. Мұны атқарылып жатқан жұмыстарға қарап айтуға болады. Қайда барсақ та, алдымен оған апарар жолға баға беретініміз белгілі.
Облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3545 шақырым, оның 1024-і республикалық, 555-і облыстық, 1965,5 шақырымы аудандық маңызы бар жол.
Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен 42,1 млрд теңге қаралып, ұзындығы 330 шақырым жол, көше мен көпір өткелдері жөнделуде. Қаладағы әуежайға кіреберіс жолы мен Шіркейлі, Сыздық, Жаңадария каналдарындағы көпірлер жаңғыртылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов кеңінен айтып берген болатын.
Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қала және шет аймақтағы көшелер де күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыруда. Шаһардың басты көшелері кеңейтіліп, тақтайдай тегіс жолға айналды. Мәселен, ескі базар аумағындағы Әйтеке би, И.Тоқтыбаев, Училищная көшелеріне, И.Журба тұйығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталса, ескі базар аумағындағы көлік кептелісі мәселесі шешімін табады. Сондай-ақ Бейбарыс сұлтан көшесі мен Жаппасбай батыр көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Нәтижесінде «Қыран» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылысы басталды. Қаланың шет аймақтарындағы 11 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, 49 шақырым болатын 77 көшеге күрделі және 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жобасы әзірленіп, қаржыға өтінім ұсынылды. Сондай-ақ қаланың солтүстік бөлігінен кіреберіс саналатын Сағымбаев көшесін 4 жолақты етіп кеңейту жоспарлануда.
Байыпты бастамалардың бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының кеңейтілуі. Құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Жауапты мердігер – «УАД» ЖШС. Даңғыл Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аумақ, ұзындығы 6,7 шақырым. Бұрын екі жолақты болса, қазір төрт жолақты. Сондай-ақ жол бойында 8 спорт алаңы бар. Жаяу жүргіншілер жолы мен бағдаршамдар да заман талабына сай. Құрылыс уақытылы әрі сапалы жүргізілді. Нәтижесінде мұнда көлік ағынына еш кедергі жоқ. Қазір даңғылды одан әрі кеңейту жұмыстары қолға алынды. Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария бөгеті бойымен жол салынуда.
Құрылысқа қойылатын басты талап – сапа. Сол себепті «Жол активтері сапа орталығының» қызметіне 141 млн теңге бағытталып, сараптама жүргізу үшін толықтай қамтылып отыр. Былтыр облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 92,5 пайыз болды. Биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделген. Аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуда жұмыстар жүйелі жалғасуда. Мәселен, 424 шақырымдық республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыстағы 216 шақырымы қайта жаңғыртылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 6 лотқа бөлінген. Жоба құны 108,5 млрд теңге, жұмысқа 5 мердігер мекеме тартылды. Былтыр жол құрылысы 80 пайызға орындалып, 153 шақырым асфальт төселсе, биыл 100 пайыз аяқталмақ.
Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше қолдауымен республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» 1806-1337 шақырым автомобиль жолының Қызылорда қаласынан Сексеуіл кентіне дейінгі аралықты ІІ техникалық санаттан І техникалық санатқа ауыстыру жобасы қолға алынған болатын.
Бүгінгі күні аталған жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ тапсырысы негізінде жүзеге асуда. Сүйемелдеу жұмыстарын облыстық филиалы жүргізеді. Техника-экономикалық негіздеме 2 учаскеге бөлінді. Бірінші учаске қаланың айналма жолын салуға ТЭН әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 46,3 млрд теңге. Қазір «Ислам даму банкінен» қаражат көзін тарту жұмыстары жүргізіліп, бірқатар келісімге қол қойылды. Екінші учаске 464 шақырымның ТЭН-і мемлекеттік сараптаманың қарауында. Жыл соңына дейін халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп, қаржыландыру көзі қарастырылады.
Жолаушылар ағыны артып келеді
Биыл облыстағы 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 202 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның 71-і ауданаралық, 99-ы аудандық, 32-сі қалаішілік және қала маңына маршурт қатынайды. Сонымен қатар Ташкент қаласына 1 халықаралық және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе, тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус уақытылы жүреді. Маршурттарда 30-дан астам заңды және жеке тұлға әртүрлі сыйымдылықтағы 1069 автобуспен жолаушы тасымалдау қызметін көрсетеді. Биыл қаңтар-мамыр айларында 17,8 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға өскен. Ауданаралық әлеуметтік маңызы бар 4 маршрут бойынша 5,4 млн теңге игерілді.
Қала мен аудан орталықтарындағы 2 автовокзал және 8 автостанса ауданаралық маршруттар арқылы халыққа қызмет көрсетуде.
Былтыр Сырдария өзенінің сол жағалауына жаңадан автовокзал салынып, ел игілігіне берілген болатын. Сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан, автобустар қала ішіне кірмейді. Тиімді тұсы да осы. Бүгінде қаншама жолаушы автовокзал арқылы діттеген жеріне жетуде.
Ғимарат заман талабына сай. Айналасы абаттандырылып, жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Нысан екі қабатты. Бірінші қабатта күтушілер залы, касса, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камералары, лифт болса, екінші қабатында медициналық қызмет көрсету, жүргізушілердің тынығу бөлмесі мен асхана бар.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған. Автобустар мен жолаушы тасымалы, қызметі жайында «Автобус паркі» ЖШС директорының автовокзал бойынша орынбасары Жансұлтан Елшекенов айтып берді.
– Автовокзалдан күніне «Қызылорда-Ташкент» халықаралық рейсі, облысаралық Астана, Қарағанды, Жезқазған, Алматы, Әйтей, Сарыағаш бағыттарына автобустар қатынайды.
Сондай-ақ ауданаралық бағыт бойынша Арал, Қазалы, Бекарыстан би, Төретам, Жосалыға күнделікті маршрут жүреді. Нысан тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайды. Автобустар соңғы үлгіде жабдықталған. Рейстер көбіне түстен кейін ұйымдастырылған. Билет бағасы тиімді. Ташкентке бару үшін билет құны 4500 теңге, себебі, жолаушыларды үйрету үшін ең төменгі тарифті ұсынып отырмыз. Келушілерге 7 кассир қызмет көрсетеді. Сұраныс артса, санын көбейтуге мүмкіндік бар. Билет онлайн да, касса арқылы да сатылады. Бұдан бөлек, теміржол вокзалынан да қосымша пунк аштық. Себебі, пойыздан түскен жолаушылар сол жерден автобустарға отырады. Тағы бір жаңалық «Қызылорда-Ақтөбе» рейсі ашылады, – дейді ол.
Қазір автовокзалда 15 адам еңбек етеді. Ғимарат пен аумағының қауіпсіздігіне «Ер-Нұр» ЖШС жауапты. Қоғамдық көлік мәселесі де шешімін тапқан. Мұнда 25, 16 нөмірлі маршруттар қатынайды. Сондай-ақ экотакси қызмет көрсетеді.
– Адамдар енді үйренісіп келеді. Бастапқыда шет аймақта орналасқанын алға тартатын. Маршруттар уақытылы жүргеннен кейін келе бастады.
Арнайы байланыс телефондарына күндіз-түні хабарласады, қызмет сапасы жақсарды. Билеттер 3-4 күн бұрын өтіп кетуде. Астана, Алматы бағытына жатын орны бар автобустар шығады.
Бұл халық үшін өте тиімді. Әсіресе, үлкен кісілер мен балаларға, аналарға ыңғайлы. Алдағы уақытта жолаушылар саны артып жатса, жеке кәсіпкерлермен келісіп, билетін ұйымдастырып берсек, олар қосымша автобустар шығаратын болады, – дейді ол.
Қала тұрғыны Самал Жарқынбаева жаңа автовокзалдың қызметіне дән риза. Ол Алматы қаласына билет алыпты. Еңбек демалысын сонда өткізбек. Билетті онлайн алған. Бағасы мен автобус қызметіне көңілі толатынын жеткізді.
Сондай-ақ басқа облыстық тасымалдаушылар «Салтанат» автовокзалынан облысаралық Шымкент, Түркістан және ауданаралық Шиелі, Жаңақорған маршруттары тұрақты жүреді. Ал ескі базар аумағынан Жалағаш ауданына және ауылдарына арнайы автобустар шығады.
Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту мақсатында салынған автовокзал бүгінде алыс пен жақынды байланыстырған алтын көпірге айналды.
Әуе қақпасы: жаңа терминал
Қызылорда халқы көптен күткен әуежайдың жаңа терминалы өткен жылы іске қосылды. Заманауи ғимарат жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады.
Нысанның ашылуына Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы қатысты.
Сырдың әуе қақпасы ерекше архитектуралық үлгіде салынған. Аумағы – 7500 шаршы метр. Ғимаратта жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырды. Жаңартылған терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
«Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарын, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді.
Жаңа терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бастысы, жолаушылар сапалы қызметке дән риза.
Бүгінгі күні әуежайдың жаңа жолаушылар терминалы арқылы аптасына 37 рейс орындалуда. Оның ішінде Астана қаласына 22, Алматы 14, Анталья қаласына 1 рейс ұйымдастырылған. Бұл рейстерді «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компаниялары жүзеге асыруда. Биыл қаңтар-маусым айларында әуежайдан 97,8 мың жолаушы жөнелтілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға артқан.
Жаңарған вокзалдар келбеті
Облыстан өтетін магистральды теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 шақырым, 8 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті бар, 14 жұп жолаушы пойызы өтеді. Қызылордадан Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған.
Әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытында 26 елді мекенді көлік қызметімен қамтиды. Биыл қаңтар-мамыр айларында 8,7 мың жолаушы тасымалданып, 80,4 млн теңге субсидия игерілді.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет авиация және теміржол саласының инфрақұрылымын жаңғыртуда. 2023 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Қызылорда теміржол вокзалы мен аумағы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Көлік министрлігі, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қолдауымен Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл станцияларындағы 7 теміржол вокзалы, сондай-ақ Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пункттері, «Талап» бекетіндегі жолаушылар платформасы күрделі жөндеуден өтеді. Аталған жобаларды жүзеге асыруға 4 мердігер мекеме бекітілді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары бастау алып, ішкі демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2 қызмет көрсету пунктін кеңейту немесе заман талабына сай жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылуда.
Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға 873 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде бір ғасырдан астам тарихы бар ерекше архитектуралық нысан жаңа кейіпке енді. Мердігер мекеме «Берсугир» ЖШС вокзалдың әкімшілік ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қызылорда қаласының әкімдігі екінші перронға және автотұраққа 3700 шаршы метр асфальт төседі. Сонымен қатар, 1500 шаршы метр аумаққа құм аралас тас төселіп, асфальтталды.
Қазір теміржол вокзалының аумағы адам танымастай өзгерді. Жанжағында орналасқан ашық сауда орындары да заман талабына сай дүкендерге айналды. Халыққа қызмет көрсету қашанда маңызды, себебі бұл – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Сондай-ақ сапалы және қолжетімді қызмет қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырып, тұрақтылық пен өркендеуге жол ашады.
Сондай-ақ өңірде вагон жөндеу, құрастыру сынды ірі жоба жүзеге асуда. Ол – «Жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауыты» жобасы. Инвестициялық жобаның құрылтайшысы «Марал-Нұр» ЖШС директоры Мұрат Нұрсаитовтың айтуынша, 15,4 млрд теңге инвестиция салынатын жоба 2 кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде жылына 560 жолаушылар вагонын ағымдағы жөндеу, 180 вагон депо жөндеу кешені жоспарланған. Құрылыс 100% аяқталды, қазір ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алды. Ресейден 60 жабдық жеткізіліп, монтаждалуда. Серіктестік бұған шамамен 3,2 млрд теңге жеке инвестиция салды. Одан бөлек, жобаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 2,2 млрд теңгеге қаржыландырды.
Екінші кезеңде жаңа технологияларды пайдаланып, вагон құрастыратын өндіріс құрылмақ. Ол – жылына 30-40 вагон шығаратын «Қызылорда вагон құрастыру зауыты». Дайындық жұмыстары осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады. Ресейден және ҚХР-дан жабдықтар сатып алуға қажетті 8 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қарастырылуда.
Өңірде көлік логистика саласында атқарылған жұмыстар ауқымды. Ерекше үлгіде салынған әуежайдың шетелдегілерден еш айырмашылығы жоқ. Сыртқы аумағының өзі көз тартады. Жолаушыларға ерекше әсер қалдырады. Ал жаңа сапаржайда күн сайын қаншама автобус еліміздің түкпір-түкпіріне ағылуда. Халықаралық рейстер де жанданды. Шойын жолдың да жаңғыруы жанға жайлылық сыйлайды. Облыс аумағындағы жол сапасы да жылдан-жылға жақсаруда. Бастысы, жолаушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бұл бастамасы, осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Сара АДАЙБАЕВА