Сенбі, 21 наурыз, 13:56

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мәселесі талқыланды

20.03.2026

10

0

653709661 1234277232226852 1508127780703306019 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде орман дақылдарын отырғызуға, өңірлік экологиялық саммитке дайындық, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруда атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

«Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірімізде санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.

​Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен демалыс орындары, ойын, спорт және орталық алаңдар қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде.

Соңғы жылдары демеушілер және бюджет қаражаты есебінен Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді.

Күні кеше 14 млрд. 900 млн. теңгеге қайта салынған Президент саябағы ашылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Еске салсақ, 2024 жылы «Қазақстан-Корея» бизнес форумы аясында облыс әкімдігі мен кореялық With you E&C компаниясы арасында Қызылорда қаласында жылына 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату зауытын салу бойынша меморандумға қол қойылды.

Жоба With you E&C компаниясының 37 млрд. 800 млн. теңге инвестициясы арқылы қаржыландырылады, үш кезеңде іске асырылады.

Бірінші кезеңде қолданыстағы полигон 7 млрд 500 млн. теңгеге жаңғыртылып, қалдықтарды сұрыптайтын заманауи кешен салынады. Бұл полигонның қабылдау қуаттылығын жылына 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сұрыпталған қалдықтар басқа өндірістерді шикізатпен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, пластикалық тұрмыстық, алюминий бұйымдары, қағаз және картон.

Екінші кезеңде 10 МВт-тан астам электр энергиясын өндіретін қоқыс өртеу зауыты салынады. Үшінші кезеңде жыл бойы өнім беретін жылыжай салу жоспарлануда.

Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Белкөл» кенті аумағынан 4 гектар жер учаскесі берілді. Қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жүргізілуде. Зауыт құрылысы 2026 жылдың сәуір айында басталады, іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны құрылады.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, сұрыптау және өңдеу бағытында «Жасыл даму» АҚ 98 млрд 700 млн теңгеге қаржыландырған 9 жоба бар. Жаңақорған ауданындағы сұрыптау кешенін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 475 млн теңгеге Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды. Тағы екі полигон жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыруға ұсынылды.

Айта кетейік, ауылдарда қолайлы орта қалыптастыру және тұрғындарды тазалыққа ынталандыру үшін жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Соңғы үш жылда жобаға 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика