Сәрсенбі, 01 қазан, 04:06

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Сұлу Сырдан – Шырайлы шығысқа» атты Қызылорда облысының өнер күндері Өскеменде жалғасты

21.09.2025

35

0

552961221 1092101849777725 1487921403704808451 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – Шырайлы шығысқа» атты Қызылорда облысының өнер күндері Өскемен қаласында жалғасын тапты. Сырдың бойынан Ертіс жағасына сапар шеккен делегацияны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастап барды. Делегация құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлері, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, хор ұжымы, басқа да өнерпаздар бар.

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясына жиналған көрерменге өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Аймақ басшысы ұлт руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің қайнар бастауындағы тұлғалар түлеген Шығыс жұртшылығына ізгі тілегін білдірді.

549686599 1092101426444434 2664694038593361220 n

«Өз заманынан көш ілгері ойлайтын Шәкәрім Құдайбердіұлынан «Сыр – Алаштың анасы» деген нақыл қалған. Қилы заманда, зұлматқа толы күндерде, ақтабан шұбырынды кезеңінде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрып, Сырды анасындай паналаған. Сол себепті, Алашқа ана болған Сырдың қазақ үшін орны да, жөні де бөлек.

Күллі түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Алтай төріндегі шырайлы шығыс өлкесі – түркілердің сана-сезімін қалыптастырған, рухани ұясында талай ұлы тұлғалар тәрбиеленген қасиетті мекен.

Ырыс аунап, құт қонған Шығыс Қазақстан – қазақ халқының жан-дүниесінің тереңдігін айқындайтын киелі өлке.

Шыңғыс тауының бөктерінде ұлы Абайдың 180 жылдығы Президентіміздің қолдауымен жоғары деңгейде атап өтілуі де осының айқын дәлелі.

Мемлекет басшымыз «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы» деген болатын.

Баршаңызды қазақтың біртуар ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!!», – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, өнер күндерін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнерпаздарға алғысын жеткізді.

549937041 1092101459777764 1907782152477915035 n

Концертте Қорқыттың сарыны қылқобыздан төгіліп, «Күлтегін» жырының үзіндісі орындалды, көрермен қошеметіне ие болған «Қорқыт–қобыз» әні шырқалды.

«Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымын қойған «Томирис» би ансамбліне ерекше құрмет көрсетілді.

Сыр сүлейлерінің толғауларына сусаған көрерменге Нұртуған жыраудың «Өсиеті», Нартай ақынның

«Өздерің білер Нартаймын», Ақ Кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп» термелері ұсынылды.

«Бүлдірген», «Сұрша қыз», «Сырдың қараторғайы», «Ауылың сенің іргелі» сияқты халық әндері, әлемдік классиканың жауһар туындылары орындалды.

Еске салайық, кеше «Сұлу Сырдан — ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері Абай облысында өтті.

550475102 1092101693111074 3696252623892389711 n
550518960 1092101733111070 6736611041561123467 n
549838225 1092101429777767 70995080277683534 n
552358365 1092101596444417 5074403074789119086 n
551110956 1092101479777762 588122205261841962 n

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика