Сәрсенбі, 01 қазан, 04:08

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Семейде «Сұлу Сырдан – Ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері өтті

20.09.2025

36

0

550240840 1090663236588253 5069224833028618060 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Семей қаласында Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлері, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, хор ұжымы, басқа да өнерпаздар бар.

Семейдегі Абай атындағы театрда Абай елінің көрермендеріне сұлу Сырдың жыр сәлемі жеткізіліп, аймақ басшысы концертке келушілерге ізгі тілегін білдірді.

549295064 1090662993254944 1693247227086231037 n

«Еліміздің ұлттық руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің ордасы – киелі Семей өлкесінде Өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп лайықты бағасын берді.

Абайдың есімін иеленген қасиетті өлкеде ұлы тұлғаның 180 жылдығы биыл аса жоғары деңгейде аталып өтті. Мемлекет басшысы «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы» деген болатын. Ақын өсиеттері – бүгінгі ұрпақтың айнымас қазығы. Баршаңызды қазақтың ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Семей және Қызылорда қалалары ұлтымыздың тағдыршешті мәселелері қаралып, маңызды шешімдер қабылданған саяси орталық ретінде тарихқа таңбаланған.

Бүгінде Президентіміздің қолдауымен дербес облыс болып құрылған Абай елінде серпінді жобалар қарқын алғанына қуаныштымыз. Мәдениет пен руханиятты дамыту – еліміздің тұтастығын, ұлттық сана мен қоғамдық келісімді нығайтудың берік негізі.

Бүгінгі шара екі өңірдің мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына, іскерлік байланыстарды арттыруға ықпал етеді. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, болашағы жарқын болғай!», – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Абай облысының әкімі Берік Уәли сөз сөйлеп, өнер күндерін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнерпаздарға алғысын жеткізді.

549669277 1090663166588260 4868823075914701433 n

Концертте Қорқыттың күйі, халық әндері, Сыр сүлейлерінің термелері, «Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымы, күй тартыс, «Махамбет» поэмасы және басқа да туындылар көрерменге ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері Елордамыз Астанада, одан кейін Алматы қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді.

Өңірдің өнер майталмандары Наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде насихаттап, Испания, Финляндия, Эстонияда маңызды шаралар өткізді. Алдағы қазан айында ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Швейцарияның бірқатар қаласында Қызылорданың мәдениет және өнер күндерін өткізу жоспарланған.

548704034 1090663316588245 5679751210553469143 n
548670734 1090662996588277 64699285168329745 n
550031041 1090663119921598 1035839724253524228 n
548635275 1090663076588269 7133933406382036272 n
549679271 1090663066588270 7766196487115965783 n

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика