Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері өңірдің бірқатар аудандарында болып, жұртшылықпен жүздесті. Олар іссапар барысында Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен облысқа қарасты Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандарында болды.
Топ мүшелері осы аймақтарда 20 іс-шара ұйымдастырып, 400 адаммен кездесті. Жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, ауыл тұрғындарының арасында сауал қойып, түсінбеген мәселесін жолдағандар да болды.
Ұйымдастырушылар халық арасында Қазақстанда өмір сүретін барлық конфессиялар мен этностардың бейбіт қатар өмір сүруі мен әрекеттесуіне бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні, Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасы, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың қауіптілігі туралы өңір тұрғындарын ақпараттандыру бағыттарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– «Jastar» дамыту орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 21-25 сәуір күндері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізіліп жатыр. Қоғамның негізі – отбасы. Ал отбасы берік болуы үшін оның ішінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі отбасылық құндылықтар сақталып, ұлықталуы қажет. Қазіргі таңда жаһандану, заманауи өмір салты, цифрлық мәдениет пен технологиялар адамның күнделікті өміріне терең еніп, отбасылық қарым-қатынасқа да өз әсерін тигізуде. Осындай жағдайда ұлттық тәрбие мен рухани байлыққа негізделген отбасылық құндылықтарды сақтау – аса маңызды. Қоғам мықты болсын десек, әр отбасы мықты болуы керек. Отбасының беріктігі – онда сақталған құндылықтар мен тәрбиеге байланысты. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар – бұл біздің тамырымыз, рухани байлығымыз және ұлттық тәрбие жүйеміздің өзегі. Сол құндылықтарды сақтау, ұрпаққа аманаттау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – дейді ұйымдастырушылар өкілі Е.Қыпшақбаев.
Айта кетейік, Қызылорда облысының дін істерінің бөлім басшысы, саясаттанушы Нұрхат Бердібек, Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, Қызылорда облысы дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы, дінтанушы Асхат Ерубай, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» бөлім басшысы, дінтанушы Қайрат Салықбаевтар халықтың көкейкесті сауалдарына жауап берді.