Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының тапсырмасы сәйкес облыс орталығында «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Оның мақсаты – Қызылорда қаласында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту.
Полиция қызметкерлерімен іс-шараның бір күнінде 320 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде жол қауіпсіздігі саласы бойынша 216, «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша 104 әкімшілік хаттама толтырылды.
Көлікті мас күйінде басқарған 6 жүргізуші, көлік құралын басқару құқығынан айырылса да қайтадан рульге отырған 2 жүргізуші, көлік құралын құжатсыз басқарғаны үшін 8 жүргізуші, сақтандыру полиссіз 15 жүргізуші және қарама – қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 2 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар белгіленбеген уақытта алкоголь өнімдерін сатқан 3 сатушы ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша, 13 азамат қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін және 8 адам тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал, кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуына жол бергені үшін 12 ата-ана, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 2 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ «Квадрат» іс-шарасы аясында Өсербаев, Қорқыт Ата, Әйтеке би көшелерінің аумағында тұрғын үй агенттіктерінің иелері мен осы аймақтың тұрғындарына құқық бұзушылықтарға жол бермеу, санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық тыныштықты сақтау ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жұмылдырылған полиция қызметкерлері мен автоэкипаждар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда және қаланың барлық аумағында қылмыстардың жолын кесу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізуде.