Қызылорда қаласының сол жағалауынан Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғафур Мұхамеджановтың атына көше берілді.
Ғафур Мұхамеджанов үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Георгий Жуков», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткені үшін ІІІ «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталып, еліне адал қызмет еткен жан.
Ұлы тұлғаның есімі, ұрпаққа үлгі болар ісі – кейінгі толқынның мәңгі жадында. «Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, кейінгі ұрпақ аға буынның жақсы ісін үлгі тұтып, құрмет – қошеметін аямайды.
Ардагердің рухын аспандатқан айтулы шараға облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуға жиналған қауым жылы естеліктерімен бөлісіп, мемлекет және қоғам қайраткерінің азаматтық тұлғасын тебірене еске алды.
Шарада облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қайраткердің саналы ғұмырында облысымыздың дамуына атсалысып, барлық ой-жігерін, кәсіби тәжірибесін жұмсап, парасатты істерімен халықтың жүрегіне жол таба білгенін айтты.
«Бүгін, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы көшеге Ғафур Мұхамеджановтың есімін беру салтанатының куәсі болудамыз. Мұның өзі мемлекет және қоғам қайраткеріне деген, оның елге жасаған ерен еңбегіне көрсетілген аса құрмет деп есептеймін. Елдің, халықтың жүрегінде қалған қайраткер тұлғаның есімі ел жадынан өшпейді, оның халыққа жасаған қалтқысыз қызметі ұмытылмайды», – деді Наурызбай Сейтқалиұлы.
Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жарқын бейнесін жаңғыртқан тақтайша да ілінді.