Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Mansap Navigator 1.0» түлектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.
Университеттің Басқарма мүшесі-Ректор Бейбіткүл Каримова түлектерге сәттілік тілеп, жұмыс берушілерге алғысын білдірді.
«Түлектерді жұмысқа орналастыру жоғары оқу орындары жұмысының тиімділігінің маңызды көрсеткіші. 2023 жылғы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 83% құрады. Бұл өз кезегінде түлектеріміздің жоғары сұранысқа ие екендігінің дәлелелі. Бітіруші түлектермен жыл бойы университеттегі барлық білім беру бағдарламалары мен Рекрутинг және мансап басқармасының мамандары тығыз жұмыс жасады. Атап айтқанда, форсайт сессиялар, жұмыс берушілермен кездесулер, дөңгелек үстелдер, қонақ дәрістер, ашық есік күндері, вебинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, психологиялық қолдау орталығында түлектер жеке кеңестер алды. Мұндай шаралар түлектер үшін де, жұмыс берушілер үшін де маңызды» деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Биылғы оқу жылында университетте 2692 түлек оқуын аяқтады. Олардың ішінде бакалавриат бағыты бойынша 2299, магистратура бағыты бойынша 383 және докторантура бойынша 10 түлек бар. Басты мақсат барлығының тұрақты жұмыс табуына қолдау білдіру.
«Mansap Navigator 1.0» жәрмеңкесі де – осы мақсаттарға жетудегі маңызды қадамдардың бірі. Бос жұмыс орны жәрмеңкесінде түлектерге 28 жұмыс беруші 90 бос жұмыс орындарын ұсынып, сұрақтарына жауап берді. Университет әрқашан түлектердің еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман болуына баса назар аударады.
Дереккөз: syrboyi.kz