Қызылордада шежірелі аймақтың 85 жылдығы аясында «Kaz Fries» мұздатылған фри өндірісі зауыты пайдалануға берілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зауытты салтанатты ашу рәсіміне қатысып, жерлестерін Сыр өңірінің мерейтойымен, жаңа өндірістің іске қосылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында өндірісті, шағын және орта кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытып, бәсекелестік арқылы бәріне бірдей мүмкіндік беру қажеттін атап өткен болатын. Аймағымызда бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа зауыттан шыққан жартылай дайын өнім қолжетімді бағада халыққа ұсынылады. Бұл бастамалар жалғасын тауып, зауыт өнімдері аймағымыздан тыс көрші өңірлерге, шет елдерге экспортталып, облыстың экономикалық дамуына зор үлесін қосады деп сенім білдіремін. Біз туған жерінде адал еңбек етуді мақсат тұтқан, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға ниет білдірген әрбір кәсіпкерді қолдауға дайынбыз! Жаңа зауытты ашқан шаруашылық басшысы Мұрат Абайұлына зор ризашылығымызды білдіреміз», — деді аймақ басшысы.
Іс-шарада мұздатылған фри картобы өндірісін ашуға өз үлесін қосқан «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сарсенбаев Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ал серіктестік қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев аймақ тұрғындарын құттықтап, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы ақ батасын берді.
Айта кетейік, «Абай Дәулет» серіктестігі күріш өндірісімен ғана емес, мал шаруашылығымен, ет өндірумен және көкөніс егумен айналысуда. Жаңа фри зауытында сағатына 300 келі өнім шығарылмақ. Өндірісте 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Өңірде «Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы», «Индустрияландыру картасы» шеңберінде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған құны 980 млрд. теңге болатын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аграрлық салада күріш өңдейтін, балық ұнын өндіретін зауыттар ашылды. Жыл соңына дейін экспортқа бағытталған құс фабрикасы, көкөніс сақтау қоймалары және 3 күріш ақтау зауыты іске қосылады. Бұдан бөлек, сүт өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты жұмысын бастамақ. Зауыт өнімдері аймақтың өңделген өнім үлесін арттыруға, тамақ өнеркәсібін дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Биыл өңірге 472 млрд. теңге инвестиция тартылады.