Технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде цифрландыру үлкен маңызға ие. Бұл біздің өмір сүру салтымызды өзгертіп, аймағымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Өңірдегі цифрландыру – бұл қағаз құжаттан электронды құжатқа көшу ғана емес. Бұл біздің өміріміздің барлық аспектілеріне, білім мен денсаулық саласынан бастап, бизнес пен басқаруға дейін әсер ететін жаһандық өзгеріс.
Цифрландыру инновациялардың жаңа көкжиегін ашып, өмір сүру сапасын жақсартады, экономикалық өсуге ықпал етеді. Ақылды қалалардан цифрлық ауылдарға, бұлтты технологиялардан жасанды интеллектке дейін аймақтағы цифрландыру инновациялар мен мүмкіндіктердің жаңа дәуірін білдіреді. Аймақта цифрлық бастамаларды енгізу бағытындағы жұмыстар 2018 жылдан бастап жүргізілуде. Бұған дейін «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы жүзеге асса, 2023 жылдың аяғында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бекітілді.
– Биыл сәуір айында елімізде ақылды қалалардың эталондық стандарты өзектендіріліп, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен қайта бекітілді. Эталондық стандарттың талаптары негізінен 6 бағыттағы цифрлық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Олар: қауіпсіздік, әлеуметтік сала, көлік және логистика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, инновациялық экожүйе, қалалық басқару. Стандарт бойынша 22 негізгі жобаның тиімділік көрсеткіштері бекітілген. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, қауіпсіздік бағытында Қызылорда қаласындағы бейнебақылау жүйелерін дамыту мақсатында 2024 жылдың сәуір айында Қызылорда облысының Полиция департаменті мен «Көркем Телеком» ЖШС меморандумға қол қойды. Меморандум аясында осы жылдың мамыр айынан бастап пилоттық негізде 10 дана жылдамдық өлшегіш аппараттық-бағдарламалық кешенін және 100 дана қоғамдық бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған. Бүгінгі күні бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде, – дейді Сәбит Ибадуллаұлы
Қауіпсіз мектеп
Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы бөлім басшысынан сұрадық.
– Жалпы жоба аясында 2023 жылы 35 мектеп, 28 балабақшаға бейнебақылау орнатылды. Облыс бойынша 297 мемлекеттік мектеп бар. Мектеп 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылып, дабыл батырмалары орнатылған. 288 мектеп немесе 96,96 пайыз полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. 221 мектепке, бала және қызметкер саны 700-ден асатын мектеп турникетпен толық қамтылса, 113 мектеп мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілді, – дейді цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы.
Сондай-ақ бөлім басшысы өңірде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жобаға тоқталды.
– «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту. Жалпыұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық жоба аясында Қызылорда облысының республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 9 антенна-діңгек құрылыстарын салу жоспарланған. Жол картасы аясында 2024 жылға «Кселл» АҚ 21 елді мекен, «Кар-Тел» АҚ (Билайн) бойынша 10 елді мекен кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі, – дейді ол.
Әлеуметтік саланы цифрландыру қарқынды дамуда
Цифрландыруды енгізу арқылы денсаулық сақтау саласының қызметі өзгереді деуге болады. Цифрландырудың қарқынды дамуы медициналық қызметтердің жаңа көкжиегін ашып, оларды қолжетімді және тиімді етті. Денсаулық сақтауда қандай нақты цифрлық технологиялар қолданылатыны туралы сұрадық.
– Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын цифрландыру саласындағы негізгі міндет – Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру. Осы мәселені шешу үшін бүгінгі таңда e-Health электрондық денсаулық сақтаудың жаңа цифрлық архитектурасына көшу жүзеге асуда, оның аясында азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыруды, микросервистік архитектураны пайдалануға көшу және эталондық деректер базасын құруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінде аймақтағы барлық медициналық ұйым компьютермен 100 пайыз және кемінде 4 мегабит/сек интернетпен 93,2 процентке қамтылған. Барлық медициналық ұйым «Даму-мед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен қамтылған. Бүгінде Қызылорда облысының медициналық ұйымдарына бекітілген тұрғындарға 93,6 процент электронды денсаулық паспорты толтырылған. Қазіргі күні дәрігерге тіркеу, дәрігердің тағайындауы электронды түрде «Даму-мед» жүйесі арқылы жүзеге асады. Облыстың 15 медициналық ұйымында, оның ішінде 8 аудандық, бір қалалық және 6 облыстық медициналық ұйымда телемедицина құралдарының кешені орнатылған. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айының қорытындысы бойынша телемедициналық кеңес саны 280-ді құрады. Зерттеу нәтижелерін жоғалту жағдайларының алдын алу, сондай-ақ қайталама зерттеулер жүргізуді болдырмау және медициналық құжаттарды ұзақ және тұрақты сақтау мақсатында «DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» жобасы іске асырылды. Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты және меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдардың ішінде PACS жүйесі енгізілуге тиісті 25 медициналық ұйымға, оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 18 медициналық ұйымның барлығына PACS жүйесі енгізілген, – дейді Сәбит Ибадулла.
Көлік және логистика саласын цифрландыру – уақыт талабы
Көлік-логистика саласын цифрландыру өте маңызды. Жаңа технологияларды енгізу арқылы логистикалық процестерді басқару түбегейлі өзгеріп, олардың тиімділігі мен сенімділігін арттыруға сеп болды. Өңіріміздегі көлік-логистика саласын цифрландыруда қандай негізгі технологиялар мен инновациялар қолданылатынын сараптап көрдік.
Цифрландыруды жүзеге асыру мақсатында «Қызылорда қаласының қоғамдық көліктеріне электронды билет жүйесін орнату» жобасы «AlemPay» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты. Жалпы 320 қалаішілік қоғамдық көліктің 266-да электронды билет тексеруге арналған құрылғылар мен терминалдар орнатылды. Қызылорда қаласы бойынша 25 қалаішілік және 8 қала маңы маршруттары ұйымдастырылды. Бүгінде жолаушылар Kaspi.kz, Halyk bank қосымшалары, Activ және Kcell кэшбэк – 25 теңге, Beeline кэшбэк – 10 теңге құраса, көлік карталары мен SMS арқылы онлайн төлем жасай алады. 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша автобустарда сатылған билеттің жалпы санының 97,99 пайызы қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінде екен. Сонымен қоса, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС құрамындағы автобустардың барлығында көліктің жүру бағытын бақылауға арналған «SYSTEM.BUSPARK» – GPS/ГЛОНАСС мониторинг жүйесі бар. Жалпы алғанда 320 қалаішілік қоғамдық көліктің 266-ы қосылған. Сервис спутниктік мониторинг жүйесінің негізгі функционалын және қоғамдық көлікті бақылауға арналған арнайы құралдарды біріктіреді: аялдамалар құру, маршруттарды оңтайландыру, аялдамаларды цифрландыру, көлік құралдарын рейстер бойынша бөлу, кесте бойынша қалалық, қала маңындағы және қалааралық жолаушылар тасымалын бақылау, егжей-тегжейлі есеп беру, қол жеткізу құқықтарының икемді жүйесі, автобус ішіндегі аялдамаларды хабардар ету. Диспетчерлеу жүйесі «SYSTEM.BUSPARK» API бойынша Nimbus, 2Gis және Яндекс жүйелерімен біріккен, сонымен қатар Қызылорда автобус паркі диспетчерлеріне рейстерді жоспарлауға және олардың орындалуын бақылауға көмектеседі.
Тағы бір айта кетерлік жайт қала тұрғындары тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне өтінімді онлайн бере алады.
– «I-Orda» порталы әртүрлі қызметтерге өтініш берудің ыңғайлы әдісін ұсынады. Енді «Қызылорда су жүйесі» ШЖҚ МКК, «қызылорда тазалығы» ЖШС, «Энергосервис» ЕЖШС, «Кызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК көрсететін қызметтерге тікелей веб-сайтта өтініш бере алады. Бұл тұрғын үй коммуналдық өтінімдерді беру үшін мекемеге барудың қажеті жоқ дегенді білдіреді. Барлығын онлайн режимінде жасауға болады, бұл уақытты үнемдейді және процесті жеңілдетеді. Тек порталға тіркеліп, өтініш беру үшін нұсқауларды орындасаңыз болды. Бұл Қызылорда облысындағы қызметтерді цифрландырудағы жаңа қадам, қызметті пайдалануда қолжетімді әрі ыңғайлы етеді. 2024 жылдың 1-ші тоқсанында 303 өтінім тіркелді. Портал https://iorda.kz сайтында қолжетімді. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап Қызылорда қаласында «109» бірыңғай нөмірі арқылы барлық коммуналдық мәселелер бойынша облыс тұрғындары мен қонақтарының өтініштерін қабылдайтын «109 – Бірыңғай байланыс орталығы» жұмыс істейді. І тоқсан қорытындысы бойынша барлығы 34873 өтінім келіп түскен. Оның ішінде: оқыс оқиға 8401, кеңес беру 6141, шағым 1205, ұсыныс 8, алғыс 57, ақпаратқа сұрау салу – 19061. 2024 жылы өтініштерді қабылдау мен тіркеудің тәуліктік орташа статистикалық саны – 388 өтінімді құрады. Облыс тұрғындары өтініштер жібере алатын немесе жағдайды егжей-тегжейлі сипаттайтын құралдардың ауқымы кеңейтілді, – дейді Сәбит Ибадуллаұлы.
Өңірімізде IT-технологиялар секторы белсенді дамып келеді. Креативтілік пен кәсіпкерлікті ынталандыратын, аймағымыздың маңызды бөлігіне айналған стартап-фестивальдар мен хакатондар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл іс-шаралар жастар стартаптары үшін бірегей мүмкіндіктер беріп, өз идеяларын кең аудиторияға ұсынуға, IT мамандарынан құнды пікірлер алуға мүмкіндік береді. Сарапшы өңірімізде жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар аз емесін тілге тиек етті.
– 2023 жылдың 17 сәуірінен бастап Astana Hub халықаралық технопаркі, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті үшжақты меморандумға қол қойып, «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы «Astana Hub» халықаралық технопаркінің тәжірибесін Қызылорда облысына тарату мақсатында өңірлік хаб есебінде ашылды. Биыл да әдеттегідей, облыс әкімінің қолдауымен инновациялық IT жобаларды дамыту мақсатында «Pecha Kucha Night Kyzylorda», «Smart city Kyzylorda» «Hackathon 2024» хакатоны, «Innofest Qyzylorda» инновациялық жобалар фестивалі өтетін болады. «Kyzylorda Hub» бизнесинкубаторы 2024 жылдың басынан 49 іс-шара ұйымдастырып, 3 бағдарламаны жүзеге асырды. Барлық іс-шараларда 1650 адам қамтылды. Кең ауқымда «Kyzylorda Hub Idea Battle» және «EdTech Hackathon Kyzylorda» байқауы өтті. Байқаулардың жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Әйелдерге арналған «Tech girls» және «She-commercе» бағдарламасы ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша 21 нәзік жан білім алуда. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтар арасында цифрлы сауаттылықты арттыру мақсатында «Digital Skills boost» бағдарламасы жүргізіліп келеді. Бағдарламада 20 азамат цифрлы сауаттылық дағдыларын арттыруда. Облыстық деңгейде «Techno Women» форумы ұйымдастырылды. «Tech Orda бағдарламасы бойынша өткен жылы IT park резиденті «GRAND master» бағдарламау мектебі қатысып, 5 бағыт 3D – Ойын әзірлеу, Python әзірлеуші, WEB әзірлеуші, C++ әзірлеуші, Java әзірлеуші бойынша 33 грант бөлініп, бағдарламалау курстарынан өтті, – дейді цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы.
Геоақпараттық жүйелерді цифрлық түрлендіру
2020 жылы Қызылорда облысында «Өңірлік геоақпараттық жүйе»(ӨГАЖ) жобасын енгізу жұмыстары басталды. Бекітілген талаптарға сәйкес геопортал ашық және жабық контурларға ие. Барлық жеке және заңды тұлғалар үшін ашық контур қолжетімді екен.
– Қазіргі уақытта жүйеде мемлекеттік қызметтердің 8 түрі қолжетімді. Бос жер учаскесін қосу, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында (ЖМБМК) жер учаскесін жариялау, жер учаскесін сату бойынша саудасаттықты (аукциондарды) немесе жер учаскелерін электрондық түрде жалға алу құқығын ұйымдастыру және өткізу арқылы жер учаскесін мемлекеттік меншіктен беру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жер учаскелерінің болуына сұрау салу, сәулетжоспарлау тапсырмасын беру, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін, мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдау, жер учаскесін жекеменшікке біржолғы немесе бөліп сату сияқты қызметтер қолжетімді. Биыл ақылды қалалардың өңірлік геоақпараттық жүйенің картографиялық базасы негізінде автожолдар жайкүйінің цифрлық картасын құру жоспарлануда, – дейді Сәбит Ибадулла.
Өңірді цифрландыру тек технологиялық серпіліс емес, қоғам дамуының маңызды кезеңі. Цифрландыру өмірді өзгертіп, ыңғайлы әрі тиімді етеді. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық технологияларды енгізу қажеттігі – уақыт талабы. Дегенмен барлық артықшылықтарға қарамастан, цифрландыру белгілі біл тәуекелдерді тудырады. Деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құпиялықты қорғау және киберқауіптермен күресу маңызды. Қорыта айтқанда, цифрландыру тек жаңа технология енгізу ғана емес, сонымен бірге тұрғындар игілігіне қызмет ететін құрал.
С.Хайрулла
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz