Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясымен 23 727 науқас тіркелді. Бұл туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов мәлімдеді.
Өткен тәулікте 20 жағдай анықталды. Облыс бойынша инфекциялық стационарда – 253 науқас, реанимациялық төсек-орында 25 науқас ем қабылдап жатыр.
«Қазіргі таңда індетті ауыздықтар бір ғана жол бар, ол – вакцинация. Қызылорда облысы бойынша вакцинациялау жұмыстары биылғы жылдың 1 ақпан күні басталды. Бүгінгі күні облыс азаматтарын вакцинациялау жұмыстары жалғасын табуда», – дейді Жангелді Шайымбетов.
Аймақта коронавирусқа қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет жасақталған.
«Облыста вакцинаның 1 компонентімен егілгендер саны – 420 757, халықтың қамтылуы 93 пайызды құрады. Екінші компонентпен – 406 285 адам қамтылды. Бұл 89,8 пайызды құрайды. Пфайзер вакцинасымен 30 513 адам, оның ішінде жасөспірімдер-25 746, жүктілер-1757, емізулі аналар-3005 құрайды. Сонымен қатар бүгінгі күнде дейін 72 515 өңір халқы ревакцинациядан өтті. Оның ішінде 4107 тұрғын Пфайзер вакцинасымен қамтылған», – дейді Жангелді Шайымбетов.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша 21 медициналық мекемеде коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары сағат 09.00 мен 18.00 аралығында үзіліссіз қарқынды жүргізілуде.