Қазалы ауданында 2022 жылы алғаш рет қолданысқа енгізілген «QAZALY» сабынын шығаратын цех жұмысын кеңейтуде. Бүгінгі таңда, сабын шығаратын цех жанынан хош иісті сұйық сабын және ыдыс жууға арналған сұйықтық өнімдері қоса шығарылуда.
Бұл күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдерді өндіріп жатқан ауданымыздағы жас кәсіпкер Руслан Жаңалықұлы.
Ауданда сабын өндіру кәсібінің негізін қалаушы қазалылық – Руслан Бөлекбаев. Ол біраз уақыт арнайы курстарды оқып, оны тек теориялық тұрғыда емес, тәжірибе жүзінде де іске асырып көрген. Сонан соң, Орал қаласынан Ресейде жасалған ең сапалы құрылғыны ауданға алып келді. Одан бөлек «кір сабынның» бұл түрі пайдалану адамға зиянсыз екендігін айқындау үшін арнайы орыннан сертификат алған. Себебі «Қазалы сабыны» 7 түрлі табиғи заттан жасалады. Яғни, ешбір химиялық қоспа жоқ.
Жоғарыда айтқандай сабынның құрамы 100 процент экологиялық таза өнімдерден тұрады. Құрамының басым бөлігі ірі қара малдың сүйегінен жасалады. Міндетті түрде жілік майы қосылады. Қазіргі таңда шикізатты Орал қаласындағы консервіленген ет шығаратын «Кублей» компаниясымен арнайы келісім-шарт жасасып, алып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта керекті шикізатты жергілікті жердің ірі қараларынан алу жолдарын қарастырып жатыр. Ал әзірге 80 мың дана сабын шығаруға жететін шикізаты бар.
Қазіргі таңда 170, 200, 250, 300 және 350 грамдық сабыннан тәулігіне 3 мың дана шығарып жатыр. Сабынның бағасы да тұрғындар үшін әлдеқайда қолжетімді. Ал сабын сұранысына келер болсақ, бүгінде Қазалының түкпір-түкпірінен және ауданнан тыс аймақтардан да кең көлемді тапсырыстар түсіп жатқан көрінеді.
Жас кәсіпкер Руслан мұнымен шектеліп қалғысы келмейтіндігін айтып, көздеген мақсат-мұратымен бөлісті.
«Ең алдымен кәсіп жолын бастарда қол ұшын созған барша аға-бауырларыма алғысымды айтамын. Келер жылға құрған біраз жоспарым бар. Дәретхана қағазы, қағаз майлық және қағаз сүлгі шығаруды мақсат етіп отырмын. Ол үшін арнайы құрылғылар алдырып, құрастырып жатырмыз. Ісіміз оңынан басса, бұл құрылғымен жұмыс жасауға нәпақа іздеген 10-15 жанды жұмыспен қамтуға болады. Онан кейін қала сыртынан жер телімін қарастырып, барлық құрылғыны сонда көшірсек дейміз. Себебі қала ішінде құрылғылар артық дыбыстан, көрші-көлемнің, жалпы тұрғындар мазасын қашырмағанын қаперге алуымыз қажет», – деді Руслан Жаңалықұлы.
Кәсіпкер жақында аудан әкімінің қабылдауында болып, өнімін таныстырған еді. Онда аудан басшысы кәсіпкерге жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізгенін айта кетейік.
Жас кәсіпкердің цех жұмысына сәттілік тілей отырып, кәсібіне табыс және береке берсін. Осындай кәсібінен береке дарыған кәсіпкерлерімізді қолдауға шақырамыз. Өнімдерді 8 702 722 22 39 байланыс нөмірі арқылы тапсырыстарды қабылдайды. Инстаграм желісіндегі парақшасы @kazaly_sabyn.