1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыс ардагерлері өндірістік және инфрақұрылымдық жобалармен, іске қосылған нысандар жұмысымен танысты.
Алдымен «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Заманауи орталық бір мезетте 500, тәулігіне 3 мыңға дейін оқушы қабылдай алады. Мұнда бассейн, фитнес және гимнастика залдары, үстел теннисі, жекпе-жек және үстел ойындарына арналған бөлмелер бар. Сонымен қатар, кескіндеме, сурет, сәндік-қолданбалы өнер, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Келесі нысан – «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешені. Қазіргі таңда үш өндірістік цех іске қосылған, алдағы уақытта печенье цехы жұмысын бастайды. Өнімнің 30%-ы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы сатылады, қалғаны қала мен ауылдарға жеткізіледі. Жобаға 5 гектар жер беріліп, инфрақұрылым тартылды. «Қазақстан Халық банкінен» алынған 1,2 млрд теңге жеңілдетілген несиенің пайыздық мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидиялануда. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етсе, болашақта олардың саны 150-ге жетпек.
Одан кейін ардагерлер жаңа жылу-электр орталығының құрылыс барысымен танысты. «Aksa Energy» түрік компаниясымен бірлескен жоба аясында қуаттылығы 240 МВт болатын нысан салынуда. Орталыққа General Electric (АҚШ), Doosan Skoda (Чехия), AC BOILERS (Италия), Mimsan (Түркия) компанияларының қондырғылары жеткізілген. Құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталып, газ тарату станциясы мен 45 шақырым газ құбыры салынды. Биыл алғашқы газ турбиналық қондырғы мен екі жылу қазандығы іске қосылса, қалғаны 2026 жылы пайдалануға беріледі.



Ардагерлер қалалық мәдениет және демалыс паркін, Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарында көрді. Жаңа коммуналдық базарды, «Қызылорда САЗ-М» кірпіш зауытын, музыкалық колледждің жаңа ғимаратын, физика-математика мектеп-интернатын және 11 мың орындық жаңа стадионды аралап шықты.
Мерекеге орай қала мен аудандардан келген ардагерлердің басын қосқан салтанатты шара ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағалары мен ақ жаулықты аналарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басым міндеті – зейнетақы жүйесін жетілдіру. Қажырлы ардагерлердің қоғамға үлесін ынталандыру маңызды. Халықтың орташа өмір сүру жасы 75-тен асты, бұл – әлеуметтік саясаттың жетістігі» – деген болатын.
Өңірімізде қазыналы қарияларды жан-жақты әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Соңғы үш жылда жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге, оларға теңестірілгендер мен тыл ардагерлеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге ұлғайды. Биыл 1 700-ге жуық ардагерге 322 млн. теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты қарт мен мүгедектер, аз қамтылған отбасылар түскі аспен қамтамасыз етіліп келеді.
Қазақ халқы «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген. Бұл – халықтың ғасырлар бойғы құрметінің айқын көрінісі. Сіздердің даналықтарыңыз, өмірлік тәжірибелеріңіз бізге – кейінгі буынға жол көрсетер бағдаршам. Ел ішінің татулығы мен бірлігін сақтауда, ұлттың рухын биік ұстауда ардақты ардагерлеріміздің рөлі ерекше.
Мерейлі мерекеде баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.



Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі