Жұма, 22 қараша, 23:40

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Отбасы құндылығы тәрбиеде

07.09.2024

593

0

Отбасы құндылығы тәрбиеде

«Анаға тағзым» орталығында отбасы күніне орай облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Әкелер одағы» облыстық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ziyatker Otbasy» интеллектуалдық сайысы өтті. Оған барлығы төрт отбасы қатысты.

Шараның ашылуында «Әкелер одағы» облыстық филиалының төрағасы Ержан Іскендір құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтылмаса керек. Әр адам отбасында сіңірген тәлім-тәрбиесін өмірлік ұстанымына айналдырады. Адамның тұлға болып қалыптасуы алғаш отбасында басталады.  Әке, ана, бала ошақтың үш тағаны секілді бірін-бірі толықтырып тұрады. Бүгінгі шара сол құндылықтарды арттыруға баулиды. Мұның әр отбасы үшін маңыздылығы жоғары, – деді ол.

Іс-шараның мақсаты – бәсекеге қабілетті, ұшқыр  ойлы интеллектуалды ұлт пен ұрпақ тәрбиелеу. Бұл – білімді коммуникативті, ізденгіш әрі тапқыр отбасы мүшелерін даралайтын жаңа жоба.

– Отбасы күні аясында осындай тағылымы терең мазмұнды сайыс өткізілуде.  Сайысқа әкесі, анасы және 8-13 жас аралығындағы екі баласы қатыса алады. Қатысушылар 7 кезең бойынша сауалдарға жауап бере отырып, өзара жеңімпазды анықтайды. Бұл жерде әр отбасы бірлігін, ынтымағын танытып, топ болып бір бағытта жұмыс жасауды көздейтін шара, – деді облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова.

Жарыс қорытындысы бойынша Жақсылықовтар отбасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Сұлтан отбасына табысталды. Екі үшінші орынды  Бекишевтар және Досаевтар отбасы иеленді. Барлық қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика