Сәрсенбі, 25 маусым, 16:29

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Өңірлік журналистика және бүгінгі мәселе

24.06.2025

31

0

Өңірлік журналистика және бүгінгі мәселе
Фото: автордан

БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Аймақтағы интернет-журналистиканы дамыту мүмкіндіктері және медиа саланың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға өңірдегі  басылымдар мен телеарналар­дың бас ре­дакторлары, рес­публикалық ақ­па­рат құралдарының ай­мақтық тілшілері, тәуелсіз авторлар мен жас журналистер қатысты.

Дөңгелек үстел басында БАҚ өкіл­дері өзара пікір алысып, ме­диа­ның бүгінгі беталысы, өңір­лік журна­лис­ти­­каның бағы­ты, жур­налистердің әлеу­мет­тік мәр­тебесі төңірегінде сөз қоз­ғады.

ЖСДП Қызылорда облыстық фи­лиалының төрағасы Нұрбек Дәу­рен­беков басқосудың басты мақ­саты өңір­лік БАҚ-тың өзекті мәселелерін ашық айтып, оларды шешу жолын бірге ой­ластыруға бағытталып отырғанын атап өтті.

– Аймақтағы интернет-жур­на­лис­ти­каның дамуына тех­никалық және материалдық ба­заның әл­сіз­дігі, контент сапа­сының бір­кел­кілігі, кәсіби даму мүмкін­дік­терінің жетіспеушілігі және тәуелсіз медиажобаларға қолдау­дың жоқтығы кедергі болып отыр. Біз бұл мәселелерге бейжай қарай алмай­мыз. Журналистер үшін жүйелі оқыту курстарын ұйым­дастыру, цифр­­лық ме­­дианы дамытуға ар­налған бірлескен жо­балар жа­сау, редакциялар арасын­да ынты­мақтастықты арттыру, сондай-ақ тәуелсіз бастамаларға құры­­лымдық қолдау көрсе­ту  бү­гінгі күннің нақты қажетті­лі­гіне айналып отыр. Жергілікті жур­­налистиканың дамуы үшін нақты қадамдарға баруға, әріп­тестік ор­натуға және бірге жұ­мыс істеуге дайынбыз, – деді ол.

«Qyzylorda» телеарнасының бас ре­дакторы Айнұр Тұң­ғыш­баева жур­на­листика саласын­дағы өзек­ті мәсе­ле­­­лерді жеке-дара емес, бір­лесе кө­­те­­рудің тиімді нәтиже бере­тінін айт­­ты. Сондай-ақ бү­гінгі медиа­кеңіс­тік­тегі кейбір кө­ңілге қонбайтын мәсе­ле­­лерге тоқ­талды.

– Қазір ChatGPT, яғни жасан­ды ин­теллект арқылы дайын­да­лып жат­қан ақпараттардың бір­са­рын­ды­лығын байқауға бо­ла­ды. Бұл – тек сти­лис­ти­ка­лық мәселе емес, жур­налистік жа­­­­уап­кершілік пен авторлық ұста­ным­ның әлсіреуіне апара­тын жол. Дұ­рысы, мұндай тә­сіл­дерден бас тартып, жазуға деген адалдықты, ар-ожданды оятатын көзқарасты күшейту қажет. Түптеп келгенде, ЖИ қызметі қуа­натын жетістік емес, керісінше, кә­сіби журналистің қалыптасуына ке­дергі келтіреді, – деді.

«Ұстаз мәртебесі» газетінің және «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы өңірде ғана емес, жалпы қоғамда журналистердің мә­селесі өте өзекті екеніне тоқталды. Осы орайда әлеуметтік саланың бір өкілі ретінде олардың мәселесін депутаттар мінберден көтеру керектігін айтты. Тек ақпарат алуға қатысты емес, журналистің әлеуметтік мәселелері, яғни жа­лақысы, баспанасы, мәртебесі де назардан тыс қалмауы керек екенін атап өтті.

– Бүгінде медиада орта жастан асқан, өз ісіне адал жандар ғана қалып отыр. Ал жастар неге келмейді? Се­бебі, салада қаржылық тұрақтылық жоқ. Егер жастар еңбегінің әділ баға­ланатынына сенсе, осы саладан орын алар еді, – дейді ол.

Жиында талқыланып отыр­ған та­қырыпқа қатысты «31 ар­наның» ай­­­мақтағы меншікті тілшісі Абай Нұр­жан­ұлы, «Казахстанская правда» га­зе­тінің меншікті тілшісі Әлібек Бай­шү­ленов пікірлерін білдіріп, ай­тыл­ған мәселелердің нақты шешімін табуы үшін БАҚ өкілдері арасында тұрақты байланыс болуы  қажеттігін айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика