Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасын дамытудың бірден-бір кепілі. Бүгінде осы бағытты ұстанған мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып жатқан бағдармалар да аз емес. Осы бағдарламалардың нәтижесінде Қармақшы ауданында бәсекеге қабілетті кәсіпкерлердің қатары артып келеді.
Биыл Қармақшы ауданы бойынша Бай¬қоңыр қаласын қоспағанда 4032 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар, яғни – 120,6%. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны – 3 713. Ақтөбе және Ақжар ауылынан басқа елді мекендерде өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік нысандар көптеп ашылған. Ауданда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны жалпы, тір¬келгендер ішіндегі үлесі бойынша 92,1%-ті құрайды. Биыл ІІ тоқсан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтылғандар саны 5 022 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100%- ті құрап отыр. Ал шығарылған өнім көлемі 4,4 млрд теңгені құрап, 90,1%-ке орындалды.
«2022 жылдың 10 айында аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,3%-ке, ал өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 3,2 млрд теңгені құрап, 110,7%-ке орындалды. Жыл қорытындысымен өнеркәсіп өнімі 102,3%-ті өңдеу өнеркәсібі 105,7%-ті құрайды деп болжап отырмыз. Өнеркәсіп өнімінің көлемін негізінен өңделген күріш құрайды. Статистикаға сәйкес, өткен жыл көлемінде 8 875 тонна күріш өңделген болса, осы жылдың 10 айында 10 163 тонна күріш өңделген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 145,4%-ті құрады. Кәсіпорындармен ІІІ тоқсанда тапсырған 600 тоннаға жуық өңделген күріш көлемін жыл соңына дейінгі есепке алынатын резерв ретінде қарастырып отырмыз», – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Біржан Өмірзақов.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шең¬берінде 111 жобаға 1,9 млрд теңге несие, 504 жобаға 608,6 млн теңгенің гранттары берілген. Атап айтқанда, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» («Бизнестің жол картасы – 2025») шеңберінде құны 726,6 млн теңге болатын 58 жоба несиелендірілді, 1 жобаға 5 млн теңгенің гранты табысталған. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде құны 94,3 млн теңге болатын 16 жоба, «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы жалпы құны 59,3 млн теңге болатын 15 жоба, аграрлық несие корпорациясының «Іскер» бағдарламасының шеңберінде 13 жоба 60,1 млн теңгеге несиелендірілсе, «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 978,2 млн теңгеге 9 жоба қаржыландырылған. «Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік әлсіз топтар санатына кіретін жұмыссыз 503 азаматтың бизнес бастамаларына 603,6 млн теңгенің гранты берілген.
Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының» Бақылау Кеңесіне ұсынуға жалпы құны 185,0 млн теңге болатын 31 жоба іріктелген. Жыл басынан бері Жосалы кентінде Шолпан Махмутованың «Шынар ана» автобекеті, «Әмбебап» ЖШС-нің «Ғибрат ас үйі» мейрамханасы, Нағима Тоқсанбаеваның жеміс-жидек пен көкөніс сататын сауда үйі, Ерлан Нағашыбаевтың фотостудиясының құрылысы аяқталып, іске қосылған. Мұнан өзге бірқатар кәсіпкерлік нысандардың құрылысы басталыпты. Атап айтар болсақ, аудан азаматтары Абай Маратовтың көлік жуу орталығы, Нұрлыбек Өтегеновтің дүкен және сұлулық салоны, Рауа Бұйрабаеваның балабақшасы, Мейрбек Сыдықовтың тез тамақтанатын кафетерийі, Тұрар Нұртазаеваның жол бойындағы санитарлық-гигиеналық торабы, Айна Тұрғанованың сауда орталығы, «Бибінұр базарының» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары, Дина Серікбаеваның кәсіпкерлік нысаны, мен Гүлнар Серікбаеваның көлік жуу орны. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаева Жосалы кентіндегі «Таңсықбай» базарын сатып алып, заманауи үлгіде сауда орталығының құрылысын бастауға дайындық жұмысын жүргізуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмысы келер жылдың І тоқсанында басталады деп жоспарланған.
Қолдан келетін ісіммен айналысып, кәсіп қыламын деген азаматтарға мүмкіндік көп. Тек нақты жоспарың мен ынтаң болса жеткілікті. Жалпы, қазіргі таңда елімізде, оның ішінде Қызылорда облысында жаңашыл жас кәсіпкерлер мен озық идеясы бар адамдарға үлкен мүмкіндіктер мен демеу берілуде. Тек сол қолдауды ұтымды пайдалана білсе жеткілікті.