Жексенбі, 13 сәуiр, 02:32

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Облыстық қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті

10.04.2025

98

0

490269360 967849245536320 475171
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті. Басқосуды кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жүргізіп, оған облыстық мәслихат төрағасы, «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, кеңес мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.

Облыс әкімі қоғамдық кеңес қызметінің маңыздылығына, алдағы жоспарларға тоқталды.

490340068 967849235536321 882341

«Бүгінде қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның мүддесін білдіретін, түрлі деңгейдегі шешімдерді талқылайтын, атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін белді әрі әлеуеті институтқа айналды. Бұл – Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асқанының толық дәлелі.

Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірі байыпты бастамалардың, жасампаз жобалардың ордасына айналды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Қол жеткізген жетістіктерімізде туған жеріне жанашыр азаматтардың еселі еңбегі бар. Елдің ұйытқысы болған ел ағаларына, азаматтық қоғам өкілдеріне артылар сенім мол.

Облыстық қоғамдық кеңестің үшінші сайланған құрамы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Кеңес мүшелері облыстағы өзекті мәселелерді талқылап, түрлі ұсынысты ортаға салып, аймақтың дамуына зор үлес қосты. Алдағы уақытта да елімізде татулық пен тұрақтылықтың сақталуына, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ете беретіндеріңізге сенемін», – деді Н.Нәлібаев.

Жиында кеңес мүшелері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов пен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева сөз сөйледі.

490373901 967849272202984 269530
490282272 967849315536313 350704

Қоғамдық кеңес құрамында отыз мүше бар. Кеңес үш жыл ішінде қоғам мен атқарушы билік арасында диалог алаңы болды. Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, атқарушы, өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету міндетін де абыроймен атқарды. Комиссиялар бюджеттік бағдарламалардың, аймақтың стратегиялық даму жоспарының орындалу барысын зерделеді. Қаржының мақсатты жұмсалуы мен тиімділігін арттыру және көп талқысына түскен бірыңғай уақыт белдеуі, тегін дәрілік көмек көрсету, аяқ су, ауыз су сапасы, т.б. мәселелерді талқылау үшін арнайы жиындар өткізіп, жергілікті билікке нақты ұсыныстар берді. Ұсыныстардың басым көпшілігі жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау және оң шешімін тапты.

Басқосуда Қызылорда облысының үшінші қоғамдық кеңесі құрамында үш жыл бойы азаматтық қоғам үнін билікке жеткізуде алтын көпір болған, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан кеңес мүшелеріне облыс әкімінің, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестер қауымдастығының Алғыс хаты табысталды.

Айта кетейік, жақын күндері облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамының алғашқы отырысы өткізіліп, төрағасы сайланады.

490137522 967849338869644 593785

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика