Еліміз соңғы жылдары саяси реформалар арқылы түбегейлі жаңғыру жолына қадам басты. Аймақ тұрғындары ауқымды саяси науқандарға белсенді қатысып, бекем бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетті. Енді аз уақытта тарихқа айналатын 2023 жыл Қызылорда облысы үшін келелі істер мен жарқын жетістіктерге толы болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін өткен облыстық мәслихаттың кезекті VIII сессиясында айтты.
Аймақ басшысы сессияға қатысушыларды мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, биылғы жылдың негізгі оқиғаларын атап өтті.
«Конституциялық өзгерістерге сәйкес өткен Президент сайлауын, Сенат, Мәжіліс, мәслихаттар сайлауын және референдумды айтсақ, мемлекетіміз үшін өте маңызды 5 саяси науқанда жерлестеріміздің белсенділігі арқасында алдыңғы қатардан көріндік», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Еске салсақ, биыл жерлестеріміз Рүстемов Руслан Рүстемұлы, Жайымбетов Мархабат Жайымбетұлы, Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Облыстық мәслихаттың жаңа құрамы жасақталып, оған 32 депутат енді.
Мұнан бөлек, биыл елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өткізілді. Сыр өңіріндегі Шиелі мен Сырдария ауданы халқы да таңдау жасап, мемлекетті басқару ісіне үлес қосты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады», – деген болатын. Еліміздің жаңа экономикалық бағдарына негізделген Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындау – біздің негізгі міндетіміз», – деді облыс әкімі.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz