ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысы барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аймақтарға жұмыс сапары және халықпен кездесу, азаматтарды қабылдау және ведомствоға келіп түскен арыз-шағымдарды ескере отырып, медициналық көмек сапасының стандарттарын өрескел бұзатын бірқатар аймақтар мен медициналық ұйымдардың жұмысын қатаң сынға алды.
Жыл сайын медициналық көмек сапасына қатысты 5,6 мыңнан аса арыз тіркеледі. Биыл бірінші жартыжылдықта осындай 2,8 мың арыз-шағым келіп түскен. Бұл ретте 30%-дан аса жағдайда фактілер нақтыланады. Өкінішке қарай, жағдай жақсы жағына өзгеріп жатқан жоқ. Бірқатар өңірлерде медицина қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттеріне орындауға салғырт қарауы және медициналық ұйымдардың менеджементі нашар ұйымдастырылғаны байқалады», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы өз баяндамасында.
Министр медициналық көмек көрсету ережелері мен стандарттарын бұзу жаппай сипат алып бара жатқанына назар аударды. Ағымдағы жылдың 6 айында осы тектес 500-ден аса жағдай тіркелген. Сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті көбінесе жағымсыз жайттарға әкеліп соғатын клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқуға қатысты 1600-ден аса фактіні анықтады.
«Ана өлімі жағдайларын тексеру де стандарттардың сақталамайтынын көрсетеді, себебі аналар өлімінің құрылымын сараласақ, 73% – бұл басқарылатын, яғни әрекет-амал жасауға болатын себептер, 27% өлім жағдайы ғана ауыр соматикалық аурулардың салдарынан болған», – деп атап өтті А.Ғиният.
Министр ана өлімі бойынша ахуал мәз емес өңірлердің рейтингінде Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласын атады.
Ол Акушерлік, гинеокология және перинатология ғылыми орталығында биыл 3 рет ана өліміне жол берілгенін «сорақы жағдай» деп атады. Сарапшылар барлық жағдайда да диагностика кеш жасалғанын, қауіп-қатер мен емдеу тактикасы дұрыс бағаланбағанын нұсқады. Салдарынан өмірі үшін маңызды ағза мүшелері қайтымсыз өзгеріске ұшырап, соңы өліммен аяқталғанын айтты министр. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басшысы қызметінен босатылды.
Амбулатория мен стационар деңгейінде науқастың жай-күйін жете бағаламау, медициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықтың жоқтығы салдарынан өлім жағдайына алып кеткен осындай шулы жайттар Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында да орын алғанын мысалға келтірді Ажар Ғиният.
«Әріптестер, мұндай сорақы жайттар бүкіл өңірдегі жұмысты жоққа шығарады әрі денсаулық сақтау саласына нұқсан келтіреді», – деп ескертті ведомство басшысы.
Мәселен, министр атап өткеніндей, Комитетке келіп түскен орынды шағымдар бойынша аймақтарды саралау нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы ахуал мәз емес 6 аймақ анықталды. Олар келіп түскен шағымдардың 59% нақтыланған Павлодар облысы (№1қалалық аурухана, Екібастұз қалалық ауруханасы, Павлодар қаласындағы №3 емхана). Одан кейінгі шағым көп түсетін аймақтар: Алматы облысы (Іле, Талғар ауданының орталық ауруханасы, Қарасай ауданындағы ауданаралық көпбейінді аурухана) – 56,3%, Жамбыл облысы (Байзақ, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы, №5, №8 қалалық емханалар, Шу қаласының емханасы) – 51%, Қызылорда облысы (Көпбейінді қалалық аурухана, Шиелі және Жаңақорғандағы ауданаралық аурухана, №3 қалалық аурухана) – 44,4%, Алматы қаласы (№4 қалалық аурухана) – 35,7%, Маңғыстау облысы (Бейнеу аудандық орталық ауруханасы) – 31,3%.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 Бірыңғай байланыс орталығы алғашқы жартыжылдықта халықтан денсаулық сақтау мәселелері бойынша 400 мыңнан аса арыз-шағым қабылдады. Бұл орайда ТМККК мен МӘМС шеңберіндегі медициналық қызметке қатысты шағым 1,7 есе – 6,5 мыңңан 11,1 мыңға дейін өскен. Мәселен, 2022 жылдың 1 жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 11 мыңнан аса адам медициналық қызметтің төмен сапасына, медициналық қызмет көрсетуден, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тартуға қатысты шағым түсірген. Бұл халық арасында медицина қызметінің сапасына көңілтолмаушылық ұлғайғанын, әрі жұртшылықтың бұл сыны орынды екенін білдіреді.
Шағымдардың түп себебі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде проблема бар екенін айқындап берді – мұндай шағымдардың үлесі 26% құрады (2021 ж. – 20,6%). Медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар 23,2% (2021 ж. – 38%), медициналық көмекті ұзақ күтуге қатысты шағым 8,5% (2021 ж. – 8,4%) құрады.
«Медициналық қызметтің сапасына ықпал етуші құрал болуға тиіс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мониторингінің рөліне айрықша тоқталғым келеді. Жалпы қаржыландырудан алынатын соманың өскеніне қарамастан, 2021 жылы қор сарапшылары 25,7 млрд теңгеге 1,1 млн олқылықтарды әшкереледі. Жалпы алғанда, Әлеуметтік медсақтандыру қорының қаржылық санцияларының тиімділігі төмен екені байқалады. Медициналық қызметті тиісті деңгейде көрсетпейтін өнім берушілерге қатысты ықпал ету шараларын қатаңдату керек», – деп мәлімдеді А.Ғиният.
Жыл сайын бюджеттің ұлғаятынына қарамастан, министрдің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында да түрлі бұзушылық фактілері анықталып жатыр. Мәселен, 2021 жылы Комитет осындай 28 фактіні анықтады. 72 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 млн теңгеден аса айыппұл салынды.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығынды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша осындай 17 бұзушылық тіркеліп, 2,3 млн теңгеден аса айыппұл салынды.
«Шағымдардың 80%-ына медицина қызметкерлерінің, медицина ұйымдары басшыларының жұртпен әлсіз коммуникациясы себеп болып отыр. Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысын медицина ұйымының басшылары да, денсаулық сақтау басқармалары да тиісті деңгейде қадағаламайды», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
600-ден аса қызметкерден тұратын пациенттерді қолдау және ішкі сараптама тобы пациенттердің мәселесін «дәл қазір және дәл осы жерде» қағидатымен кезек күттірмей шешуге тиіс еді. Алайда медицина қызметкерлеріне шағым толастар емес.Шағымның 90% жоғары тұрған инстанцияға келіп түседі, демек халықтың пациенттерді қолдау қызметі мен медицина ұйымдарының және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына сенуден қалғанын білдіреді деп айтпасқа амал қалмады деп қосты А.Ғиният.
Министр, бірінші кезекте, медициналық көмектің сапасын тиімді басқару механизмдерін қолдануға аса мүдделі емес медициналық ұйым басшыларын сынға алды.
Өңірлерде медициналық ұйымдарды аккредиттеу бойынша жұмыс дұрыс атқарылмайды. ТМККК/МӘМС өнім берушілерінің 47%-ы ғана (847-ден 401-і ғана) аккредиттелген.Клиникалар ең аз аккредиттелген аймақтар қатарында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарын және Шымкент қаласы тұр. Аккредиттеу деңгейі небары 17%-30% аралығында.
Министр лицензиясыз қызмет көрсету, мамандардың сертификатсыз жұмыс істеу фактілері жиі тіркелетініне назар аударды.
Мәселен, ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында аймақтарда лицензиясыз қызмет көрсетудің 706 фактісі анықталды: 536 факт 42 Медциналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымында және 170 факт 32 стационарда тіркелді. Мұндай жайттар көбінесе Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында, Шымкент, Алматы қалаларында кездеседі.
Сөзін қорыта келе министр жергілікті атқарушы орган өкілдерін кадрмен қамтамыз ету, медицина техникасымен жабдықтау, МСАК-тағы үздік тәжірибелерді тарату, ақпараттық жүйелерді цифрландыру мен интеграциялау процесін аяқтау секілді бірқатар өзекті мәселелерге назар аударуға шақырды.
Сөз соңында Ажар Ғиният өңірлердің медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты әлсіз жұмысын атап, бірқатар тапсырмалар берді.
Денсаулық сақтау басқармасы басшыларына медициналық ұйым басшыларымен бірге халықпен тұрақты кездесу ұйымдастырып, проблемалық мәселелердің шешу жөнінде хабардар ету, кадрлық құрамын тексеріп, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысын жетілдіру, олардың жұмысын шағымды азайтуға және халықпен кері байланысты қамтамасыз етуге бағыттау, медицина ұйымдарының бірінші басшыларының аттестациясын жүргізіп, аттестация нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылдауға кеңес берілді.
Алқа отырысында сондай-ақ денсаулық сақтау вице-министрлері мен ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары сөз сөйледі. Олар босандыру қызметі және балалар денсаулығына қамқорлық қызметін жетілдіру, ауылдағы денсаулық сақтау деңгейін жақсарту, EHealth цифрлық денсаулық сақтау жүйесі құру және МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру секілді бағыттар бойынша Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.