Сейсенбі, 26 қараша, 19:45

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Мемлекеттік қызметкердің әдеп сақтауы басты құндылық

15.02.2023

299

0

Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында ҚР Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілген болатын.

Қоғамда болып  жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру –Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор болып табылады.

Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. 

Осы тұрғыдан Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.

Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр. 
Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады. 

Жалпы алғанда, негізгі өзгерістер осы бағыттарда болып отыр. Кодекске енгізілген түзетулер сервистік, ашық және халық үшін қолжетімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуына ықпал етеді деп күтілуде.

Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлықтарына үлкен мән берілуде.   

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының талаптарын сақтап, мемлекеттік қызметті адал атқаруы қажет. 

Б.Пшанов,

Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының әдеп жөніндегі уәкілі 

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика