«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттарды қажетті мекенжайға дейін жеткізу қызметін енгізді.
Жаңа қызмет «Халыққа қызмет көрсету бөлімінің менеджері» пилоттық жобасы аясында іске қосылып, қазір Мемлекеттік корпорация фронт-офистерінде қолжетімді.
Енді халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметке өтініш берген азаматқа құжат дайын болған соң оны қажетті мекенжайға дейін жеткізу қызметі ұсынылады. Ол үшін бөлімшеде жеткізуге қажет деректерді көрсетіп, төлемді банк қосымшасы арқылы QR-кодпен жасау жеткілікті. Қызмет құны: Астана, Алматы және Шымкент қалаларында – 1990 теңге, ал облыстарда – 1000 теңге.
Құжаттарды жеткізу 15 түрлі мемлекеттік қызмет бойынша жүргізіледі. Олардың қатарына туу туралы куәлікті, некені бұзу куәлігін алу, туу, некеге тұру, ажырасу, қайтыс болу туралы қайталама куәліктер мен архивтік анықтамаларды алу, білім туралы құжаттардың дубликаттары, азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру және ресми құжаттарды апостильдеу кіреді.
Бұл сервисті қызмет көрсету орталығында құжатқа өтініш бергеннен кейін ғана рәсімдеуге болады.
Сонымен қатар, құжат дайын болған кезде қызмет алушыға 1414 нөмірінен бірегей коды бар SMS-хабарлама жіберіледі. Осылайша, курьер құжат алушыға хабарласып, жеткізудің нақты уақытын бекітеді. Құжатты жеткізу кезінде сәйкестендіру жеке куәлік пен кодты тексеру арқылы жүргізіледі.
Жеткізудің мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасынан (App Store/Google Play) «Құжаттарды жеткізу» бөлімінде бақылауға болады. Қосымшаға тіркелу ЖСН мен телефон нөмірі арқылы жүзеге асады.
Ең бастысы, жаңа сервис азаматтарға құжаттарын ХҚКО-ға қайта бармай-ақ алу мүмкіндігін беріп, қызметтің қолайлылығын күшейтеді әрі деректердің құпия сақталуын қамтамасыз етеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ