Жұма, 15 тамыз, 15:08

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Мектепке дайындық қалай?

07.08.2025

76

0

Коллаж
Коллаж: syrboyi.kz / Қуаныш Оразбаев

Жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Балалар мектепке баруға асығып жүр. Ал ата-ана үшін бұл жауапты кезең. Баланы мектепке сақадай сай етіп апару – ата-ананың міндеті.

Жылда мемлекет тарапынан әлеуметтік осал отбасылардың балаларын мектепке дайындауға қаржылай көмек беріледі. Қаражат баланың мектеп формасына, оқу құралына жұмсалады. Биыл әр балаға 46 228 теңгеден, «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан 500 мың адамның есепшотына ақша түседі. Жалпы ел бойынша аударылатын қаражат көлемі 22,2 млрд теңгені құрайды. Бірақ бұл қаржыны кез келген отбасы ала алмайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына беріледі. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды.

Қазір мектептерде қызу тіршілік. Құжат қабылдау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Әлеуметтік педагогтер алдына келген әр ата-ананың қай санатқа жататынын анықтап, өзге де талаптарға сай келуін тексеруде. Ыстық тамақпен қамтылатын балаларға да құжат толтырылуда. Тиісті көмекке қол жеткізуге талпынғандардың бірі – Құндызай Алтынбекова. Биыл оның 3 баласы мектепке барады. Үлкені 7-сыныпқа өтсе, екіншісі бастауышты бітіріпті. Ал үшіншісі 1-сыныпқа барады.

– Былтыр да қаржылай көмек алдым. Ол кезде екі балам оқитын, биыл үшіншісі қосылды. Бала тәрбиесімен үйде отырғаныма 10 жылдан асты. Жолдасым су мекемесінде жұмыс істейтін. Екі жыл болды, айлық табысы күнкөріске жетпеген соң шығып кетті, қазір жекеге жұмыс істеп жүр. Оның табысы отбасына шаққанда шекті мөлшерден аспайды. Сол себепті бізге қаржылай көмек тағайындалады. Барлық құжатты жинап, өткіздім. Қаражат тамыз айының ортасына дейін түседі екен. Бұл – бізге үлкен көмек. Мектеп формасына толық жетпесе де, әжептәуір септігін тигізеді, – дейді ол.

Бүгінде қаншама отбасы қаржылай көмектің игілігін көруде. Бұл – ата-ана үшін қолдау. Өткен жылы әр балаға  45 мыңнан тағайындалған еді.

Қазір базарда сауда қызып тұр. Енді базар бағасын бағамдасақ. Мектеп формасының бағасын білу үшін сауда орталықтарына арнайылап ат басын бұрдық. «Базар жайы қалай?  Тауарларды қайдан әкеліп жатыр? Сапасы сын көтереді ме?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Қаладағы адам көп баратын жер – «Ескі базар». Әдеттегідей адам қарасы көп. Кәсіп иелері мектеп формасын самсатып қойыпты. Не керектің бәрі бар. Баласын жетектеген ата-ана да мектепке әзірлікті бастапты.

Сауда саласында жүргеніне 8 жылдан асқан Алдамұрат Сарбасов мектепке дайындық науқанының қызғанын айтады.

– Киім-кешек сату – отбасылық кәсібіміз. Дәл қазір мектеп формасын алдырып жатырмыз. Күнделікті 20 шақты ата-ана келіп, балаларын киіндіреді. Тауарды Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан алдырамыз. Бағасы сапасына қарай, әртүрлі. Қымбат бренд киімдер де бар, тек ажырата білу керек. Қандай танымал фирма болса, соның белгісін айшықтап қоятындар бар. Бірақ ол қолдан жасалған дүние екені білініп тұрады. Өйткені бренд ешқашан арзан бағаға сатылмайды. Сондықтан көпшліктің сұранысына сай арзан, қымбат, сапалы тауарларға да қатар тапсырыс береміз.

Мәселен, қыздарға арналған ақ жейде 6 мыңнан жоғары болса, белдемшелері 7 мыңнан басталады. Ал сапасы жақсысы тіпті 10 мың теңгеден жоғары.  Ақ жейденің  сан түрі бар. Сарафандар да сұранысқа ие. Ұлдардың ақ жейдесі де солай. Матасы жақсы болса, 12 мыңнан жоғары саудаланады. Шалбары да 6-7 мыңнан жоғары, 10 мыңнан да бар. Байқаймын, қазір ата-ананың көбі киімнің сапасына мән береді. Матасын, тігісін, түймелерінің ұқыпты қадалуына дейін тексеріп шығады. Сондықтан барынша сапалы тауар әкелуді жөн санаймыз. Кейбір ата-ана болады, бағасын қымбат көреді. Бішкек, Ташкенттен келген мектеп формасын таңдайды. Әрине, әркім талғамына, қалтасына қарайды. Өзіміздің отандық өнім де бар. Бірақ халық үйреніп қалған, жыл сайын алатын тауарын іздеп келеді. Сол себепті оларға таңдау онша бола бермейді, – дейді ол.

Оның айтуынша, мектеп формасының бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Бұрын бір балаға 100 мың теңгедей жұмсалса, қазір 150-200 мың теңге аралығында.

Ал қала тұрғыны Алмагүл Әлшерова екі қызын киіндіріп жүр. Ол мектеп формасына 200 мың теңге жұмсаған. Әлі оқу құралдары мен сөмкесі керек екенін айтады.

– Биыл мектеп ақ, қара түсті таңдады. Мектеп формасының үлгісін ата-аналарға таныстырды. Белгілі түрік фирмасымен келісім жасалыпты. Бастауыш сынып оқитын балаға 25 мың болса, 5-сыныптан жоғары 35 мың теңге. Оған ақ жейде, белдемше және күртеше кіреді. Бірақ бұл формаға ата-аналардың көбі келісім бермеді. Себебі оқу жылын бір формамен аяқтау мүмкін емес. Қосымша қаншама дүние керек. Сол себепті өзіміз алуды жөн көрдік. Үйден құрып шыққан есебім базарға келіп бұзылды. «Үйдегі есепті базардағы нарық бұзар» деген осы. Биыл екі қыздан бөлек, екі студент баланы киіндірдім. Оларға да былтырғыдан екі есе артық қаражат жұмсалды.

Қыздарым жоғары сыныпқа өтті. Талғамдары да ерекше. Оның үстіне бүгінгі жастар да үнемдеу, былтырдан қалғанды кию деген түсінік жоқ. Бәрін жаңадан басынан аяғына дейін қайтадан алып шықтық. Бір қызға екі жейде, екі белдемшеден алдым. Сонда екі қызға 40 мыңдай кетті. Одан бөлек, классикалық шалбар, жакет, спорттық киім мен аяқ киімнің екі түрін әпердім. Мұнымен біткен жоқ. Әлі де алатын заттары бар. Енді тамыздың аяғында тағы бір келу керек. Базарда бәрі бар, тек қаражат жеткілікті болса. Қаржылай көмекке құжат тапсырған едім. Отбасының табысы 46 мың теңгеден асып кетті, – дейді ол.

Бұл – мектеп формасының бағасы. Одан әрі кеңсе тауарларын сататын дүкенге бас сұқтық. Оқу құралдарының түрі мен түсінен жаңылуға болады. Тор, жол, қисық көз дәптер 15-20 теңге аралығында. Қаламсап 50 теңгеден жоғары, қалың дәптер 150 теңгеден басталады. Сөмке де сапасына қарай 7000 теңгеден жоғары. Түрлі-түсті қарандаштар 150 теңгеден, кітап, дәптер қаптағыш бір данасы 30 теңгеден, күнделік 400 теңгеден жоғары. Сонда орта есеппен бір балаға 30-40 мың теңгеге оқу құралын алуға болады екен. Бұл – ең төменгі көрсеткіші.

Еліміздегі демографияның оң өзгерістеріне байланысты кей отбасында 4-5 балаға дейін мектепке барады. Әрине, салмақ ата-ананың қалтасына түседі. Осы орайда облыста жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты – жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету. Бұдан бөлек мектеп формасы мен кеңсе тауарларына арналған жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылады. Онда баға нарық бағасынан әлдеқайда төмен болады. Мұндай игілікті шара жыл соңына дейін жалғасады.

Жалпы бұл бүгінгі нарық бағасы. Онсыз да тапқанын баласының аузына тосатын, қатарынан кем қылмауды ойлайтын ата-ана барын салуда. Бала да мұны түсінуі керек. Дәл қазіргі уақыт – киіммен емес, оймен жарысатын кез. Бастысы, бала ата-ананың еңбегін ақтаса болғаны…

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика