Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті.
Отырыстың модераторы – Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Баймырза Қожамберлиев болды. Іс-шараға облыстық, қалалық, аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында үш маңызды мәселе қаралды.
Бірінші мәселе жастардың қазіргі ақпарат қоғамына бейімделуі және лудомания мәселелері жайлы “Жастар ресурстық орталығы” КММ директоры Талғат Тілес баяндады.
“Жастар орталығының ұйымдастыруымен алқа жиыны өткен болатын. Мазмұнды жиында құмар ойынға шектеу қою, жарнама талаптарын қатаңдату, шектеу бойынша ұсыныс бердік. Әзірге нақты қанша лудоман бар екені белгісіз. Алайда құмар ойынға тәуелдікті ресми түрде психикалық ауру тізіміне қосты.
Жалпы жыл басынан бері 31 кездесу өтсе, оған 25 мыңнан астам жас қатысты. Кездесулерде профилактикалық, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Неғұрлым бұл мәселе туралы көп айтылса, біздің қоғам үшін соғұрлым жақсы. Дегенмен жыл басынан бері лудоманияның әсерінен суицид мәселелері де тіркелді”,-деді.
Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Айтжан Оразбақов, Мамыр Байдәулетов, Жұмабек Әлиев, Асылбек Жұмабаев лудоманияға қарсы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы жайлы сұрақтар қойып, пікірлерін ортаға салды. Бұл қасіретпен бірге күресіп, петиция қабылдауға ұсыныс білдірді.
“Суицид жасаған отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек бар. Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Біз осымен қалай күресеміз? Елімізде қоғамдық көліктердің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін, ғимараттарда түгелдей құмар ойындардың жарнамасын жою қажет,”- деді шара модераторы Баймырза Қожамберлиев.
Мұнан соң Ақсақалдар кеңесінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.
Отырыс соңында кеңестің белсенді мүшелеріне құрмет көрсетіліп, жыл бойына атқарылған елеулі жұмыстар үшін Алғыс хаттар табысталды.