Бүгін «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова кәсіпкерлермен және көлік саласы қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Онда қатысушыларға Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат беріліп, кәсіпкерлік қызметке қатысты нормалар талқыланды.
Алдымен делегация «Қызылорда нан» серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешеніне барды. Өндіріс орнының аумағы 6 мың шаршы метр,мұнда 120 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорындағы өндіріс толық автоматтандырылған.Мемлекеттік қолдау аясында 5 гектар жер учаскесі беріліп, 70 млн теңгеге инженерлік инфрақұрылым тартылды. Сондай-ақ «Қазақстан Халық банкі» арқылы алынған 1,2 млрд теңге жеңілдетілген несиенің пайыздық мөлшерлемесін «Даму» қоры субсидиялаған.


Кәсіпорынның нан-тоқаш цехы жылына 2 520 тонна өнім өндіріп, қала тұрғындары қажеттілігінің шамамен 20 пайызын қамтамасыз етеді. Кондитерлік цехта жылына 1 мың тоннадан астам өнім шығарылып, сұраныстың 15 пайызы өтеледі. Макарон цехының қуаттылығы жылына 1 152 тонна, бұл – қажеттіліктің 12 пайызы. Ал печенье цехында жылына 2 500 тонна өнім, яғни халықсұранысының төрттен бірі өндіріледі.
Келесі нысан – сол жағалаудағы жаңа автовокзал. Мұндағы кездесуде Конституция жобасының негізгі ережелері, еңбек жағдайларына, әлеуметтік кепілдіктер мен көлік инфрақұрылымының дамуына ықпалы талқыланды.

Жаңа автовокзал халық сұранысына сай бюджет қаражаты есебінен 975 млн теңгеге салынды. Мұнда жолаушыларға, жүргізушілерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған. Автовокзалдан халықаралық және өңіраралық бағыттарды қамтитын 38 маршрут бойынша сапарға шығуға мүмкіндік бар.

Өңірде көлік-логистика саласын дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Президенттің қолдауымен «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы салынып, пайдалануға берілді. Жобаға Болат Өтемұратов қоры 16 млрд 700 млн теңге инвестиция салып, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен облыс орталығындағы теміржол вокзалы 600 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда Қазалы, Төретам, Шиелі және Жаңақорған вокзалдары жаңғыртылуда.


