Қазақстанда инвестициялық қолайлы ахуал қалыптастыру және ірі халықаралық жобаларды іске асыру жоғары маңызға ие. Соңғы жылдары шетелдік инвестиция тарту бағытында қомақты табысқа қол жеткіздік. Бұл өз кезегінде елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға көмектеседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді.
Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек» деп атап өтті.
Президент Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірін орындауға облысымыз да күш салып келеді. Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көрсеткіші артығымен орындалған. 2022 жылы Сыр өңіріне 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет болса, индикатор 10,6 пайызға артығымен орындалып, 413,3 млрд теңге қаржы тартылды. 2023 жылы 424,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспары 21 пайызға асыра орындалып, 513,7 млрд теңгеге жетті.
Былтыр 517,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып, бірақ ол 23,5 пайызға артығымен орындалды. Нәтижесінде өңір экономикасына 639,5 млрд теңге инвестиция тартылды. 2021 жылы өңірге 308,9 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар есебінен 2 есе өсіп, 639,5 млрд теңге болды.
– Соңғы 3 жылда облыста құны 100 млрд теңге шамасындағы 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2022 жылы қуаттылығы 197 мың тонна өнім шығаратын шыны зауыты іске қосылды. Өнеркәсіп саласының дамуына серпін беретін бұл жоба аясында 42 млрд теңге инвестиция тартылды. Одан бөлек, шыны зауытының ішінен энергия үнемдейтін 15 млн АҚШ долларына 5 млн шаршы метрлік шыны шығару желісі (6,7 млрд теңге), тамақ өнеркәсібінде 5 жоба (1,6 млрд теңге), логистика саласында 1 жоба (1,6 млрд теңге) іске қосылды. Бұл жобаларды құрылысынан бастап іске қосылуына дейін «қолмен басқару» режимінде сүйемелдедік, туындаған мәселелер дер кезінде шешілді. Үкімет тарапынан шыны зауытына көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына қытайлық инвестор қарсы міндеттеме алып, құны 55 млн АҚШ доллары болатын қосымша 2 жаңа инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлауда. Олар – кварц құмын байыту цехы (2026 жыл, 200 мың тонна, 5 млн АҚШ доллары) және фотогальваникалық күн шынысын өндіру цехы (2027 жыл, тәулігіне 500 тонна, 50 млн АҚШ доллары).
Сонымен қатар құрылыс индустриясын дамыту бағытында «Құрылыс-көлік компаниясы» серіктестігінің темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыты ашылды. Зауыттың барлық өнімі көппәтерлі тұрғын үй құрылысына пайдаланылуда. Бұл жерде сағатына 80 текше метр тауарлы бетон және күніне 120 текше метр темір-бетон бұйымдары өндіріледі. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы өңірімізде құны 37 млрд теңге болатын 21 жоба іске қосылды.
Маңыздыларының бірі – құны 20 млрд 900 млн теңге көлеміндегі «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы, – дейді басқарма басшысы Дәурен Әбілқайыров.
Терминал құрылысына «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде қомақты инвестиция салғанын айтуға тиіспіз. Әуежайдың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, автожол салуға, аумағын абаттандыруға, жарықтандыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Нысан халықаралық талаптарға сай келеді, жолаушылардың ұшып-қонуына және аялдауына барлық жағдай жасалған. Жаңа терминалда жылына 2 млн жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
Басқарманың хабарлауынша, экономиканы әртараптандыру мақсатында 2025-2028 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеге жуық 89 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Жаңа жобалар 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Оның ішінде биыл 302,5 млрд теңге қаржы есебінен 27 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – түрік инвесторы «Aksa Energy» компаниясы салып жатқан 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы. Құны – 215 млрд теңге. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа станция іске қосылғанда облыс орталығын жылумен, өңірді электр энергиясымен толық қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін (60 МВт) өзге аймақтарға сатуға болады. Салыстыру үшін айтайық, ескі жылу-электр орталығы 67 МВт электр өндірсе, жаңасының қуаттылығы бұдан 3 еседен де асып түседі деген болжам бар.
– Заманауи кірпіш зауыты (5 млрд теңге) жергілікті құрылыс индустриясының кірпіш өнімдеріне қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз етпек. Қуаттылығы жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас шығаруға жететін (17,3 млрд теңге), 720 мың шаршы метр айна шығаратын (1,5 млрд теңге) өндірістер іске қосылады. Машина құрастыру саласында «Марал Нұр» серіктестігінің жылына жолаушыларға арналған 740 вагон жөндеу кешені (құны – 15,4 млрд теңге, І кезең – 5,4 млрд теңге), қызмет көрсету саласында жылына 3,5 мың адамды қабылдайтын түрік инвесторының «Oрхун Медикал» медицина орталығы (5 млрд теңге) іске қосылады. Азық-түлік өнеркәсібінде – нан-тоқаш, кондитер және макарон өнімдерін өндіру кешені, өнімі экспортқа бағытталған түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт, екі шағын өнеркәсіптік аймақ (ЖК «Тұмар», «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС) бар. Түйе сүтінен әзірленген құрғақ ұнтақ өнімдер Қытай компаниясымен жасалған оффтейк келісіміне сәйкес (10 жылға – 188,1 млн АҚШ доллары) толығымен Қытайға экспортталады. Бұдан бөлек, бүгінгі күні Қытай технологиясымен жұмыс істейтін цемент зауытын жобалау (40,5 млрд теңге) басталды. Сонымен қатар осы жылы құны 553,6 млрд теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталады. Олар – кальцийленген сода зауыты (146,4 млрд теңге), «Шалқия» кен байыту фабрикасы (215 млрд теңге), көкөніс пен жеміс сақтау, алма шырынын шығару кешені (2,5 млрд теңге) және 150 орынға арналған «Rixos» қонақ үйі (құны – 7 млрд теңге). Оның ішінде кореялық «Уиз Ю» компаниясы наурыз айында тұрмыстық қатты қалдық өңдейтін зауыттың бірінші кезеңінің құрылысын бастады, – дейді Дәурен Әбілқайыров.
Зауыт қоқысты өртеу арқылы 20 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба аясында өңірге 34,5 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Өнеркәсіпті дамыту қоры неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн шыны бөтелке шығаратын зауыт құрылысын қаржыландыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. 2026-2029 жылдары құны 1,6 трлн теңгені құрайтын 54 жобаны жүзеге асыру, 7 мың жұмыс орнын құру көзделген. Мамандар географиялық орналасуы мен климаттық жағдайына байланысты аймақта күн мен жел энергиясын өндіруге мүмкіндік барын алға тартып отыр. Бүгінгі күні өңірде жалпы қуаттылығы 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. Биыл жалпы қуаттылығы 90 МВт болатын 3 нысан іске қосылады. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары арта түспек. Мұндай жобалардың арқасында өңіріміз толығымен «жасыл энергетикаға» көше алады.
Алда жыл соңына дейін жоспарланған жобаларды іске қосу, биылға бекітілген 631,4 млрд теңге инвестиция және 280 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарын орындау міндеті тұр.
– Осы орайда соңғы 3 жылдың оң тәжірибесі негізінде қала және аудан әкімдіктеріне меже бекітілді. Меже әдеттегідей толығымен орындалады, тіпті артығымен.
Биыл 5 айда өңірге 229,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 27,1%-ды құрады (индикатордың орындалуы – 36,3 пайыз). Облыста инвестиция тарту бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қолайлы климат қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Өңірге инвестиция тарту, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа жобаларды іске асыру мақсатында шетелдік компания басшылары мен дипломатиялық өкілдердің облысқа жұмыс сапары, онлайн кездесулер ұдайы түрде ұйымдастырылып тұрады.
Өткен жылы облыс әкімінің Испания корольдігіне жұмыс сапары барысында «Рока» компаниясымен керамика өнімдерін шығаратын зауыт салу мәселелері талқыланған болатын. Нәтижесінде маусым айында Премьер-министрдің төрағалығымен өткен жиналыста Қызылорда облысының әкімдігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және «Roca Group» компаниясы арасында инвестициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
Жалпы инвестиция көлемі – 70 млн еуро. Зауыт жылына 500 мыңдай санитарлық-техникалық өнім шығарып, 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына сапары барысында 34 қытайлық компаниямен келіссөз жүргізілді.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларына озық технология енгізу бағытында жалпы құны 10,8 млрд теңге болатын 9 келісімшартқа қол қойылды. Бүгінгі күні 3 компания қытайлық озық технологияны өндіріске енгізді. Одан бөлек, жуырда «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында да тараптар құрылыс индустриясы, су үнемдеу, ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларында уағдаластық жасады. Оның ішінде су шығындарын есептеуге арналған құрылғы өндіру цехы, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау және шығару, кальцийленген силикатты тақтайша өндіру, жылыжай салу жобалары бар.
Бастаманы жалғастыру мақсатында қала және аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл әкімдері Қытайда болып, «Бір үй – бір өндіріс» бағдарламасымен танысты. Ауылдарды қалалық типте дамыту, елді мекендердің жергілікті брендін қалыптастыру бағытында тәжірибе алмасты.
Ал жуырда елімізде Үкімет қаулысымен «Қорқыт ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы құрылды. Құжат бойынша ол Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын 550 гектар аумақта орналасады.
Арнайы экономикалық аймақта заманауи өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, экономика саласында жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыруға мүмкіндік жасау жоспарланған. Сонымен қатар біз сөз етіп отырған инвестиция тарту мәселесі де тыс қалған жоқ.
Мамандар арнайы экономикалық аймақтың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын болуы Қазақстан мен Орталық Азия нарығында өнімді өткізу тиімділігін арттырады деп есептейді.
Қорыта айтарымыз, инвестициялық жобалар өңірдің, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына дүмпу береді. Сондықтан бұл бағыттағы Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмалары тиянақты орындалуы тиіс.
Қазақстанның 2025 жылға арналған инвестициялық жоспарында көптеген сала қамтылған. Оның ішінде ең маңыздысы ретінде көлік құралдарын шығару, тұрмыстық техника өндірісі және металлургия салаларын ерекшелеуге болады.
Мамандар мұндай жобалар ішкі нарықтағы қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да әсер ететінін айтып отыр.
Назерке САНИЯЗОВА