«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облыстық филиалы халыққа қызмет көрсету орталығының құрылғанына биыл 20 жылдық аясында филиал ұжымы «ХҚКО балалар көзімен» атты ерекше сурет байқауын ұйымдастырды. Байқауға қызметкерлердің балалары қатысып, өз қиялындағы ХҚКО жұмысын түрлі түсті бояулармен бейнеледі.
Жалпы байқауға 14 жас суретші қатысты. Олардың арасында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының басшысы Шолпан Жеңсікбайдың қызы – Раийана Бахыт та бар. Раийана кішкентайынан анасын жұмыста жиі көріп, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің маңызын жақсы біледі.
«Мен анамның адамдарға көмектесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп жүргенін көріп өстім. Сол себепті менің суретімде адамдар бір-біріне көмектесіп жатқан көріністі салдым. Кішкентайымда мен 1414 орталығы туралы видео түсірген едім, ол да осы байқаудағы идеямның бастамасы болды», – дейді жас суретші Раийана.
Байқауға қатысқан барлық балаларға естелік сыйлықтар табысталды. Балалардың салған суреттерінен көрме жасақталды.
«Біздің мақсатымыз – тек 20 жылдықты атап өту емес, сонымен бірге балаларға ата-аналарының еңбегін таныстыру, олардың бойында еңбекқорлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Балалардың көзқарасымен ХҚКО қызметін көру өте қызықты әрі әсерлі болды», – деді филиал директоры Аида Абибуллаева.
Мұндай шаралар жас ұрпаққа мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызын ұғындырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін де дамытуға бағытталған.