Дүйсенбі, 16 маусым, 04:35

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Халықтың әл-ауқаты әлеуметтік жағдайымен өлшенеді

14.06.2025

13

0

Халықтың әл ауқаты әлеуметтік жағдайымен өлшенеді

Әлеуметтік сала реформаларының басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Оның жұмыс нәтижесі де халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының тұрақталуымен өлшенеді. Аймақта бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жобалар аз емес.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірнеше бағытта жұмыс атқарады, екі мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Бес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша өткен жылы республикада алдыңғы орыннан көрінді.

ҚАНША ЖҰМЫССЫЗ ТІРКЕЛГЕН?

Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 46560 жұмыс орнын құру жоспарланса, осы жылдың 5 айында 14897 жұмыс орны құрылып, 32 пайызы орындалды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 9476 адам жұмысқа орналасқан. Бұл жастар тәжірибесі, ақылы қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» жобалары арқылы жүзеге асуда.

Бүгінде кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Айталық, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1359 адам жолданса, 999-ы оқу курсын аяқтап, сертификат алған.

Ал 5-еуі белсенді ша­ра­мен қамтылып, 10-ы өз бетінше жұмысқа орна­ласқан, 162-сі жеке кәсібін ашқан. «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы 28970-і онлайн оқудан өтті. Оның ішінде ауыл тұрғындары, жастар, әйелдер және мектеп пен колледж оқушылары бар.

Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы да уақытылы жүзеге асуда. Бұл меже – 12,8% .

Жыл сайын жастарға және аймақтың жұмыссыз азаматтарына Солтүстік өңірлерге қоныс аударуды насихаттайтын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді.

Қызылорда облысы жұмыс күші артық өңірлерге жатады.

Сондықтан ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы – кәсіби біліктілігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуына немесе кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жаңа бастама. Облыс бойынша 46 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Онда 2562 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 3382 жұ­мыссыздың ішінен 536 адам тұрақты және 433 адам уақытша жұмысқа орналастырылып, 2411-і кеңес алды.

ОҢАЛТУ ШАРАЛАРЫ БОЙЫНША БІРІНШІ ОРЫНДА

Өңірде 34 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде еңбекке жарамдысы – 19360, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар – 6817 бала болса, зейнет жасындағысы – 8086.

Бұл санаттағы адамдарға биыл 8,3 млрд теңге бөлінген. Оңалтудың жеке бағдарламасының орындалуы 76,1 пайыз болып, республикада бірінші орынға шықты. Атап өтерлік жайт, былтыр бұл бағдарламаға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 6,8 млрд теңге бөлініп, толық игерілді.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 33539 мүгедектігі бар адамның 32901-і техникалық оңалту құралымен қамтамасыз етілді.

2023-2027 жылдарға бекітілген жоспар аясында былтыр 374 нысанға толық бейімдеу жүргізіліп, республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілсе, биылға жос­парланған 360 нысанның бүгінгі күнге 86-сы толық бейімделді.

Облыста 67 автокөлік (аудандарда 38, Байқоңыр қаласында 3, Қызылорда қаласында 26) инватакси қызметін көрсетеді. Олардың қызметіне 268,9 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 45 автокөлікке 145,3 млн теңге қаралып, жыл көлемінде 2 мыңға жуық адам инватакси қызметімен қамтылды.

Облыс әкімінің ұсынысымен былтыр «Халық банк» акционерлік қоғамы тарапынан банктің жүз жылдығына арналған «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға әрқайсысының құны 23 млн теңге тұратын арнайы 2 инватакси көлігі сыйға тартылып, халық игілігіне қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ 2023 жылдан санаторий-курорттық емделу қызметін алатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет ілесіп жүрушінің шығындары өтеле бастады.

Әлеуметтік көмек 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеледі.Былтыр алғаш рет барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалардың әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш (11076 теңге.) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек 25 қазан – Республика күніне орай төленді. Аталған әлеуметтік қолдаулар биыл да жалғасады.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы облыста 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы базасында іске қосылды. Жоба аясында былтыр 229,3 млн теңгеге 83 оңалту құралы (жетек арба, көпфункционалды әмбебап кресло-арба, вертикализатор), биыл 8,3 млн теңгеге 12 оңалту тренажеры жеткізілді.

Реабилитолог-мамандар 33 балаға оңалту құралдарын пайдалануды үйретіп, уақытша пайдалануға берілді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 2022 жылдан мүгедектігі бар адамдар мен балаларды қолдауға арналған әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жоба аясында жыл сайын мүгедектігі бар адамдардың, балалардың қатысуымен спорт жарыстары, байқаулар, кино, музей, театр әлеміне, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылуда.

ЕРІКТІ ҚОНЫС АУДАРҒАНДАРҒА ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ БАР?

Жұмыссыздар санатындағы адамдар арасында 1962-сінің білім беру, 1546-сының медицина, 886-сының құрылыс, 1154-нің қызмет көрсету, 2168-нің техникалық мамандығы бар. Ал солтүстік өңірлерге дәл осы маман иелері жетіспейді.

Биыл солтүстікке көшуге 9653 адамға өңірлік квота белгіленсе, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 170 адамға артық. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстарына квота қарастырылған.

Жалпы Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жобасы аясында кейінгі 5 жылдың ішінде 688 отбасы құрамында 2292 адамымен қоныс аударған. Оның ішінде 80 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үймен, біржолғы қаржылай көмекпен қамтамасыз етіліп, коммуналдық тұрғын үй және үйді жалдау шығыстарын өтеуге қаржылай қолдау көр­сетілген. Сонымен қатар, қоныс аудар­ғандардан жоғары оқу орнын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқаны мен мемлекеттен қаржылай қолдау алып, кәсібін дөңгелентіп отырғандары да бар. Бұндай қолдау шаралары қоныс аударуға ниет білдіргендердің барлығына көрсетіледі.

Ерікті түрде қоныс аудару кезеңінде қандай мемлекеттік қолдау бар? Біріншіден, қоныс аударушыға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір рет 70 АЕК немесе 275 240 теңге мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Екіншіден, ипотекалық бағдарлама және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде 50%-н немесе 1160 АЕК 4 561 120 теңгеге дейін бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Сондай-ақ жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге материалдық көмек беріледі.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫЛАР АЗАЙДЫ

Өткен жылы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік мәселелерге айрықша тоқталып, берілетін көмектің қаржысы тиімді жұмсалуын, оның шын мұқтаждарға бағытталуын тапсырды. Анығын айту керек, азаматтар мемлекеттен бөлінетін көмекті алу мақсатында түрлі әрекеттерге баратыны рас. Біреуі табысын жасырса, енді бірі отбасы мүшелерін басқа мекенжайға тіркейді, жеке кәсіпкерлерге жұмысшы ретінде тіркеліп, жалған анықтама ұсынғандар да бар. Осы орайда өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен көмекке шын мұқтаждарды анықтау мақсатында арнайы мониторингтік топтар құрылып, жұмыс жүргізілуде. 2023 жылдың соңымен салыс­тырғанда 49305 адамнан 33759-ға немесе 15546 адамға төмендеген. Нәтижесінде 1,5 млрд теңге қаржы үнемделді, 33759 адамға 3,1 млрд теңге 1-6 жастағы 10330 балаға 413,3 млн теңге қосымша төлем берілді.

Бүгінгі күнге көмек алушы 3557 отбасына 824,7 млн теңге және 1-6 жасты қоса алғанда 5671 балаға 112,2 млн теңге қосымша төлем төленді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жал­ғасуда, жыл соңына дейін 20 пайызға тө­мендеуі күтілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар 33,9 пайыз азайды.

Жыл басында Әлеуметтік кодекске сәйкес Еңбек министрлігі учаскелік комиссиялар үшін тексеру жүргізуді автоматтандыру мақсатында FSM Social мобильдік қосымшасын енгізіп, жұмыс жүргізілуде. Аталған қосымша геолокацияны анықтау, жедел шешім қабылдау, қорытынды шығару рәсімін оңайлатып және тексеру кезінде формальді тәсілді алып тастау мүмкіндігін ұсынды.

Аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегін көрсетуге былтыр бюджеттен 395,6 млн теңге қаражат бөлініп, 1871 отбасына (6198 адам) 113 млн теңгеге, биыл бюджеттен 482,7 млн теңге қаражат бөлінді, 808 отбасына (2255 адам) 36302 млн теңгеге тұрғын үй көмегі төленді.

АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Жыл басынан елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласына өзгерістер енді.

Оның негізгісі – арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді лицензиялау.

Бүгінде облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 27 ұйым лицензияланды. Атап айтар болсақ, 4 аралас типті (стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету), 1 ста­ционарлық, 10 жартылай стационарлық, 3 уа­қытша болу жағдайындағы, 9 үйде қызмет көрсету ұйымы. Оның 15-і – мемлекеттік, 11-і – үкіметтік емес ұйым.

Басқармаға қарасты 5 орталық бар. Өткен 5 айда орталықтар 1552 адамға 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті. Оның ішінде «Талсуат» елді мекенінде орналасқан 150 төсек-орындық оңалту орталығы да бар.

Орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға және инсульттан соң 1 жыл меди­циналық оңалтудан кейінгі жағдайдағы зейнет­керлер арнаулы әлеуметтік қызмет алады. Оны 598 адам пайдаланды.

Модельдік пәтер жобасы аясында оңалту орталығының екі бөлмесі реконструкцияланды, яғни кіреберістен, залдан, жатын бөлмеден, ас үйден және дәретхана бөлмесінен тұратын екі бөлмелі пәтер жасақталды. Пәтер мүгедектігі бар адамның кресло-арбамен еркін жүріп-тұруына толықтай бейімделген және тұрмыстық техникамен, арнайы жиһаздармен, құрылғы­лармен жабдықталған.

Орталық оңалту шаралары арқылы өмірдің қиын жағдайына тап болған мүгедектігі бар адамдардың қалыпты өмір дағдыларына оралуына ықпал етіп келеді. Осындай жүйелі шаралар нәтижесінде 93 қызмет алушының жағдайы жақсарған.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика