Бейсенбі, 31 шiлде, 08:36

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Халық игілігіне бағытталған қарқынды жобалар

29.07.2025

24

0

photo 51 2025 07 25 14 56 08
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Облыстық қоғамдық даму басқармасының бастамасымен Қазалы ауданында баспасөз туры өтті. Іс-шара барысында журналистер инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Қазалы ауданы облыстың экономикалық және аумақтық дамуында маңызды орынға ие. Кейінгі жылдары мұнда бірқатар бағытта оң өзгеріс байқалады. Атап айтқанда, халықтың өмір сүру сапасы жақсарып, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым дамып, ауылдық елді мекендерді жаңғырту бағдарламасы белсенді орындалып келеді. Тұрғындарды жұмыспен қамту, көркейту-көгалдандыру, білім, мәдениет салалары мен жол логистикасын дамыту мәселелері әрдайым назарда.

Баспасөз туры барысында журналистер бірқатар нысанда болды. Оның ішінде көлік инфрақұрылымы саласындағы ауқымды жобалардың бірі – «Қарлаң» учаскесіндегі темірбетонды көпір құрылысы. Көпір аудандық маңыздағы «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолының 16-шы шақырымында салынып жатыр. Оның құрылысы 2022 жылы басталған. Бірақ алғашқы мердігер өзіне жүктелген міндеттемені толық орындамай, келісімшарт сот тәртібімен бұзылған. Кейін қайтадан конкурс жарияланып, жаңа мердігер анықталды. Құрылыс жұмысын «Нұрлы Тау ЛТД» ЖШС қолға алды. Қазіргі күні көпір құрылысы қарқынды түрде жалғасуда.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тұрар Ыдырысовтың айтуынша, көпірдің жалпы ұзындығы – 248 метр, кіреберіс жолды қосқанда 2 шақырымнан асады, ені – 13 метр. Автожол III санатқа жатады.

– Жобада екі жолақты жүргіншілер жолы, екі жағынан жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол, сырттай жарықтандыру және шекті қоршау қарастырылған. Құрылыс алаңында 40-қа жуық адам, 25 арнайы техника жұмысқа тартылған. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Көпірге бетон, арматур тіреу орналастыру, монтаждау процесі әртүрлі сатыға жетті, – деді ол.

Маңызды инфрақұрылымдық жоба жергілікті тұрғындар үшін жоғары мәнге ие. Атап айтқанда, жаңа көпір белгіленген мерзімде, яғни жыл аяғына қарай пайдалануға берілгеннен кейін Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендерінде тұратын 12 мыңға жуық халықтың аудан орталығына қатынау мүмкіндігі жақсарып, көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдейді.

Келесі маңызды нысан – көпбейінді аудандық аурухана базасында салынып жатқан инсульт-кардиология орталығының құрылысы. Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың айтуынша, жоба «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес қолға алынды. Жоба аясында өткен жылы Абай, Бозкөл, Кәукей елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Оның ауқымы кеңейіп, аудан орталығында 42 орынға арналған мамандандырылған мекеме құрылысы жүргізілуде. Нысан инсульттен кейінгі және кардиологиялық көмекке зәру адамдарға медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.

– Жоба құны – 1,8 млрд теңге. Мердігерлік жұмысты «СМП-Қызылорда» серіктестігі мойнына алған. Медициналық мекеменің құрылысы биыл сәуірде басталды, қазан айының соңына қарай алғашқы пациенттерін қабылдай бастауы тиіс. Қазіргі күні жұмыстың шамамен 70 пайызы мәресіне жетті, – деді Жалғас Сүйеубаев.

Халық игілігіне бағытталған қарқынды жобалар

Жаңа орталық заманауи құрал-жабдықпен, оның ішінде магнитті-резонансты томографпен қамтамасыз етіледі. Осылайша қазалылықтар алысқа сабылмай-ақ, МРТ мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл уақыт пен ақша үнемдеуге ғана емес, ауруды ерте сатысында анықтау және емдеуге көмектеседі.

– Бұл – жай ғана палата мен аппаратура емес, керек кезде жақыннан көмек алу мүмкіндігі. Аудандағы медициналық реформа жаңа нысандарды қолданысқа берумен шектелмейді. Өткен жылы 25 жаңа санитарлық көлік сатып алынды. Қазіргі күні бұл көліктер ауылдарда науқастарды тасымалдау және көшпелі кеңес беру ісінде көмекшіге айналды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

БАҚ өкілдері сондай-ақ ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей сеп газдандыру жұмысына куә болды. Мыңдаған адамды толғандырған мәселе ақырындап шешімін тауып келеді. Қазіргі күні Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Үрмәш Түктібаев ауылдарында магистральды газ құбырларының құрылысы қарқынды жүруде. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталса, ауданның газдандыру көрсеткіші биыл 73 пайызға жетпек.

– 2024 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 3 жоба жүзеге асырылды. Абай және Ақтан батыр елді мекендерін «көгілдір отынға» қосу аяқталды. Жергілікті тұрғындар от жағу бейнетінен құтылды. Алдағы уақытта тағы төрт ауылдың халқын осылай қуантуды жоспарлап отырмыз. Қаржысы бөлінді, құрылысты барлық технологиялық талапты сақтай отырып жүргізуде, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязов.

Халық игілігіне бағытталған қарқынды жобалар

Оның сөзіне сүйенсек, 2025 жылы Ақсуат, Өркендеу, Бірлік және Қожабақы ауылдарына табиғи отын жеткізіледі. Көп ұзамай жоба-сметалық құжаттары дайындалып, құрылысты кезең-кезеңімен қаржыландыру мәселесі шешіледі.

Майдакөл ауылындағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы да – маңызды мәдени нысандардың бірі. Клуб құрылысы аяқталуға таяу, сол кезде бұл ауыл халқының руханият ордасына айналмақ. Мұнда түрлі мәдени іс-шаралар, жиындар, концерттер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

– Осындай клуб бұрыннан керек болып жүрген. Ескісі ауылдағы ағайынның асарлатуымен салынған болатын. Қазіргі заманның үдесінен шықпайды. Халықтың өсімі, жастардың үйірмелер мен жаңалыққа әуестігінің өзгеруі жаңаруды талап етті. Бұйырса, клубта ән, би, қолөнер, мәнерлеп оқу, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Алғашқы жылы мұнда шамамен 65 бала мен жасөспірімді өнерге баулу жоспарланған, – дейді ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Әлішер Жақсыбай.

Халық игілігіне бағытталған қарқынды жобалар

Қазалы ауданының мәдениет саласында да соны серпіліс бар. Қысқа уақыт ішінде бірнеше жаңа нысан салынып пайдалануға берілді. Бұл қатарда аудан орталығындағы Роза Бағланова атындағы 600 орындық мәдениет үйі, сондай-ақ Кәукей ауылдық клубы бар. Өткен жылы ауданда 1800-ге жуық мәдени, спорттық және көпшілік іс-шара ұйымдастырылды.

Журналистер назарын аударған ерекше нысан қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалы болды. 120 жыл бұрын салынған тарихи нысан аудан орталығының символы саналады. Қазіргі күні құрылысшылар оның архитектуралық кескіні мен уақыт көшіндегі бейнесін сақтай отырып қайта жаңғыртуға күш салуда. Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтановтың айтуынша, бұл аймақтың стратегиялық тартымдылығын арттырып, көлік қатынасын жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар іскерлік және туристік белсенділікке жол ашады.

Халық игілігіне бағытталған қарқынды жобалар

Ал Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс саябағы ауданның визит картасына айналып отыр. Алдымен Жеңіс паркінің аумағы игеріліп, кейін отбасылық саябақ құрылды. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен қосымша 344 млн теңге бөлініп, «Каз Элит Строй Сервис» компаниясы қарқынды жұмыс атқарды. Мұны мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің ынтымақтастығының жемісі деуге болады.

– 20 гектардан астам жерге жаяу жүргіншілер жолы, тақырыптық аллеялар, субұрқақтар, әткеншектер, арт-нысандар, шағын аквапарк, кафе, отбасылық мейрамханалар орналасқан. Мұнда «Ғашықтар» аллеясы, «Хан тағы» мүсіндік композициясы, Қазалы ауданының құрметті азаматтарына арналған аллея бар. Біз ұсақ-түйекке дейін мән беріп, парктің эстетикалық мағынасын ашуға күш салдық, – дейді Мұрат Әбсұлтанов.

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Қазалы ауданында өңірдің өркендеуіне, елдің тұрмысын жақсартуға бағытталған жүйелі бастамалардың нақты көрінісіне куә болды.

Назерке САНИЯЗОВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика