Бүгін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» әлеуметтік жобасы аясында «Ерлік рухы – елдік жолы мен өмірлік ұстаным» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Конференцияның басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, азаматтық батылдық пен ерлік рухын дәріптеу, сондай-ақ қоғамға сіңірген еңбегі зор тұлғалардың өнегелі өмір жолын насихаттау.
Конференцияға Зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ардагерлер, спортшылар, жастар, студенттер мен оқушылар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Р. Каюпов модератор болып, жастардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында облыстық мәслихат депутаты Нәлібаев Мақсұт Ыбрайханұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Оразбахов Айтжан Жұмабайұлы, теолог-ғалым Бақтияр Есенгелдіұлы Оспанов батыр тұлғалардың ерлік істері және олардың жастарға үлгі боларлық өмір жолдары туралы, ерлік пен азаматтық борыш, күнделікті өмірдегі ерліктің көріністері, имандылық пен мейірімділіктің құндылықтары туралы баяндамаларын оқыды.

Сондай-ақ, «Қазақстан барысы — 2022» турнирі бас жүлдесінің жеңімпазы және «Әлем барысы» халықаралық турнирінің жүлдегері Исағабылов Мақсат спорттың патриоттық тәрбиедегі рөлі туралы және «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры Қуандық Жасұлан табиғи апаттар кезінде ерлік көрсеткен азаматтардың жедел әрекеттерінайтып жеткізді.
Шара барысында спикерлер отбасы құндылықтарының, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана өнегесінің маңыздылығы мен отбасы әрбір азаматтың тұлға болып қалыптасуындағы ең алғашқы мектеп, ал ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығы адамгершілік пен қайырымдылықтың бастауы екені айтылды.
Шарада Астана қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен сәбиді құтқарып қалған жерлесіміз, ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен Сәбит Серікұлы Шонтақбаевтың ерлігі де ерекше құрметпен аталды. Ұлын ел намысына лайық азамат етіп тәрбиелеген анасына арнайы ақ жаулық тағылып, гүл шоқтары табысталды.
Конференция барысында ерлік, патриоттық және азаматтық сана-сезім қалыптастыру мәселелері талқыланып, жастарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Жиын ұлттық сана мен руханиятты дамытуға, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетуге арналған тиімді платформаға айналды.



