Биыл Қызылорда облысында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз ету және су саласын дамытуға арналған кешенді жоспары аясында 76 жобаны республикалық бюджеттен іске асыру енгізілген. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 78 шақырым болатын 7 канал тазаланатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев мәлімдеді.
Бұған қоса, елді мекендерге 21 насос қондырғыларын жеткізіп беру және 27 каналға жобалық-сметалық құжат жасау жұмыстары жүргізіледі.
«Биыл ҚР Халықаралық Аралды құтқару Қорының 30 жылдығына орай Қызылорда облысында Халықаралық даму бойынша әріптестердің қатысуымен Арал өңірінің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелді, экологиялық акцияларды, Арал өңірінің өзекті мәселелеріне арналған лекция өткізуін ұйымдастыратын боламыз. Су шаруашылығын дамыту алдағы уақытта да жалғасын табады», — деді Марат Ердәулетұлы.