Жексенбі, 24 қараша, 17:34

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Данияр Жаналинов: Ардагерлердің денсаулығын сақтауға көңіл бөлінуі керек

22.04.2024

299

0

Ардагерлердің денсаулығын сақтауға көңіл бөлінуі керек

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Денсаулық сақтау  басқармасының ардагерлерге қызмет көрсету, сауықтыру, денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ардагерлер қозғалысының белсенділері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңестерінің белсенділері мен аурухана басшылары онлайн режимде қосылды.
Дөңгелек үстел отырысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары ардагерлердің қоғамдағы,  ұлттық құндылықтарды сақтаудағы, насихаттаудағы орнына тоқталып, аға буын өкілдеріне қай кезде де қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Елдің бірлігін сақтауда, ұлтты ұйыстыруда аға буын өкілдері, сіздердің еңбектеріңіз зор. Осы орайда ардагерлер денсаулығын сақтауға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі керек екенін білеміз. Сондықтан бүгінгідей  іс-шараның өтуі өте орынды. Қай саланың да өзіне тән қиындығы мен түйткілді мәселелері бар. Сол секілді денсаулық сақтау саласының да қиыншылығы жетерлік. Әйтсе де тұрғындар денсаулығын сақтауда атқарылып жатқан ауқымды жұмыс көп. Облыс бюджетінің 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады. Оның ішінде білім мен денсаулық саласы бірінші кезекте. Осыдан-ақ жанашырлықты, жасалып жатқан жұмыстардың ауқымын білуге болады. Әрине, кемшілік те жоқ емес. Оны білеміз. Сын айтылуы керек. «Сырт көз – сыншы» демекші, біз қанша бақылап отырсақ та кейбір нәрселерді көрмей қалуымыз мүмкін, ал сіздер байқайсыздар. Сондықтан шынайы сын айтылуы қажет. Алайда түйткілді мәселелерді бірден, аз уақытта шешіп тастаймыз деп айта алмаймыз. Бәрі кезең-кезеңімен шешімін табады. Ол үшін жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін сіздермен салаға қатысты, оның ішінде ардагерлер денсаулығына қатысты ой-пікірлерді ортаға салып, орын алған мәселелерді бірге талқылайтын боламыз, – деді Д. Жаналинов.

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов баяндама жасап,  салада атқарылып жатқан жұмыстарға, оның ішінде ардагерлерді сауықтыру, денсаулығын жақсарту бағытындағы шаруаларға  тоқталды.

– Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша 816476 тұрғын емханаларға тіркелген. Оның 11 пайызын, яғни, 89600-ін 60 жастан асқандар құрайды. 2022 жылмен салыстырғанда егде жастағы тұрғындар 4795 адамға артық. Жалпы Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 18-44 жас аралығындағылар жастар болып саналса, 45-59 жас аралығы – орта жас, 60-74 жас аралығындағылар егде жас, 75-90 жас аралығы – кәрілік, 90 жастан асқандар ұзақ өмір сүруші болып саналады.

Халықтың денсаулығын нығайту – саланың басты міндетінің бірі. Облыста Мемлекет басшысының тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде негізгі көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалды. Мәселен, жалпы өлім-жітім көрсеткіші бір деңгейде сақталса, ана өлімі 5,7 есе, сәби өлімі 13,4 пайыз төмендеді.
Егде жастағы тұрғындардың денсаулығын нығайтуда сапалы медициналық қызметтің рөлі ерекше. Осы ретте жыл сайын профилактикалық тексеру мақсатында бастапқы медициналық ұйымдарда нысаналы топтарды қарап-тексеру жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, алты нозология бойынша скринингтік тексеруден өтеді. Облыста былтыр 348345 тұрғын тексеруден өткізілсе, оның 99 000-ы, яғни, 28,4 пайызын егде жастағылар құрады. Қазіргі кезде әрбір емханада қарттар денсаулық мектебі жұмыс істейді. Облыста созылмалы аурулармен 163 000 науқас есепте тұрса, оның ішінде 60 жастан жоғары науқас саны – 52589. Былтыр 480535 жедел жәрдем шақыртуы орындалған. Оның 110 мыңы 60 жастан асқандардың үлесінде. Егде жастағылар арасында жиі кездесетін ауру – көз аурулары. Көп арыз-шағым осы көз ауруларын емдеуге қатысты түсетін. Мәселені шешу үшін Қазалы теміржол ауруханасынан көз аурулары бөлімшесі ашылып, жұмысына кірісті. Екінші бөлімше Арал ауданынан және жыл соңына дейін Жаңақорғаннан ашылады деп отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол саланы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандар тарту, жаңа нысандар құрылысын жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

Дөңгелек үстел отырысында  Сайлаубай Әбішев, Асылбек Тоғызбаев, Күләй Ермағанбетова, Олжабай Тобағабылов, тағы басқа ардагерлер сөз алып, бірқатар мәселені ортаға салды. Мәселен, есепте тұратын зейнеткерлерге дәрі-дәрмектің уақытылы берілуі, медициналық қызметтің сапасын көтеру, ауруханаларда ардагерлерге арнайы палаталар бөлу, МӘМС арқылы ардагерлердің сауықтырылуы үшін шипажайларға жолдама беру,  зейнеткерлерге  экологиялық коэффициенттің төленбейтіні туралы айтты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.

Соңында ардагерлерге қолдау көрсетуді жалғастыру үшін облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика